
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Келіссөздер барысында екі елдің мемлекет басшысы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту келешегін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қазақстан мен Қырғыз Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылған алдағы іс-шараларының маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екі халық арасындағы мәдени-тарихи және тілдегі ұқсастықты ескеріп, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм, спорт және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екендіктерін растады.
Екі ел басшысы бірлескен телевизиялық жобалар, көрмелер, фестивальдер және өзге де мәдени іс-шаралар өткізу тұрғысынан жәрдем көрсетуге, ортақ тарихи және мәдени мұраны сақтау мен ілгерілету мақсатында күш-жігер біріктіруге әзірлігін білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларына тоқталды.
«Қазақстан мен Қырғызстанның мәдени күндерін өткізуге уағдаластық. Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіштер бой көтереді. Оған қоса бірегей тарихи мұраларымызды дәріптеу үшін күш-жігерімізді жұмылдыратын болдық»- деді Президент.
Президенттер жүргізген кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттік ұлттық спорт түрлері мен халық ойындарын дамыту туралы ведомствоаралық келісімге қол қойды. Сонымен қатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласып, бірқатар құжатқа қол қойылды.