
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ғимаратында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімінде баяндама жасады.
Ақтоты Райымқұлова қазақ руханиятының қос алыбы Абай мен Жамбылдың әр мерейтойы мемлекетіміздің мәртебелі белестерінің межесі екенін атап өтті.
«Биыл ұлтымыздың ұлы жырауы Жамбылдың 175 жылдығын атап өткелі отырмыз. Тоқсаныншы жылдардың ортабелінде еліміз Абай мен Жамбылдың 150 жылдық мерейтойларын ерекше мәртебеменатап өтті. Тәуелсіздікті жаңа алып, ел еңсесін енді көтеріпжатқан шақта Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлы даланың ұлы тұлғаларының мерейтойын ел болып атап өту жөнінде шешім қабылдады. Бұны жұртшылық әруақ сыйлап, құндылықтарын құрметтеп, өткенін өрелей білетін ұлы халықтың ұлағатты ұйғарымы ретінде қабылдады. Ел-жұрттың өшкені жанып, өлгені тірілгендей, еңсесі көтеріліп, мәртебесі артты, рухы асқақтады. Ұлтымыздың осындай ұлы тұлғаларынсыз ғасыр сырын, ғасыр мұңын түсіну бізге әлдеқайда қиын соғар еді. Абай мен Жамбыл бір заманның, бір дәуірдің біртуар тұлғалары. Уақыт, қоғам шындығын айтқан екі ақынның рухани үндестігі де мол. Қос кемеңгердің өзара сыйластығының белгісіндей «Сәлем айт, барсаң Абайға, Кеңесі кеткен талайға» деп, Жамбыл бабамыз жырлаған еді.
Өткен жылды Абай жылы есімімен байланыстырдық. Біз Абай рухымен сырластық, өлеңдерін оқыдық, әндерін шырқадық. Абайды әлемге таныттық,тағылымды мұраларының тереңіне тағы да бойладық. Осы рухани эстафета жарасымды жалғасын тауып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жылы жыр алыбы – Жамбылдың 175 жылдық мерейтойыкең көлемде атап өтіледі. Жамбыл - қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орны бар Алатаудай асқақ тұлға. Жыр дүлдүлі эпик ақын ретінде қазақтың суырып салма, импровизаторлық өнерін биік шыңға шығарды. Төл өнеріміз айтыстың ерекшелігі - сөз тапқырлық жарысында емес, батылдық, өткірлік, шындыққа толы көркем бейнелі сөздер табу, қалың жұртқа қоғамдық мәселені айқын жеткізе алуымен құнды. Жамбыл айтысы әрдайым тереңдігімен, көркемдігімен, тарихи негіздерімен, астарлы мазмұнымен жұртты баурап алған еді. Мұның да өзінің тарихи себептері бар. Мұхтар Әуезов «Қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері XIX ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деген болатын. Сол тұста айтыстың туын аспандатқан ұлы ақын Жамбыл еді. Оның Сарбаспен, Досмағанбетпен, Шашубай және Құлманбетпен айтыстары – осы өнердің классикалық үлгісі»,-деді.
Осыдан кейін министр суырып-салма ақын мұрасына ден қойған зерделі зерттеушілер қалдырған оралымды ойлармен бөлісті.
«Жамбыл ғаламат ақындық тұлғасы туралы ойды ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің сөзімен кестелесек: «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі – әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны». Жыр алыбының бойындағы сан қырлы қасиеттерінің тағы бірі - жыраулық өнері. Олтүбі бір түркі жұртының батырлық жырлары мен эпостарын таңнан таңға ұрып айтатын. Жамбылдың қырғыз халқының «Манасы», әзірбайжанның «Көрұғлысы», қазақтың батырлар жыры, «Қыз Жібек» , «Өтеген батыр», «Сұраншы», «Саурық батыр» туралы дастандардың мыңдаған шумақтарын жаңылмай жырлағанын өз көзімен көрген көптеген шетелдік әдебиетшілер дала феноменінің ғажайып қасиетіне теңеген. Сонымен бірге, көне жыр «Көрұғлыны» 15 кеш бойы жырлағанын көрген зиялылар «бұл бас емес – халықтың архив сөзі»,- деп әділ бағасын берген. Ежелден «тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады» деп сөзге тоқтаған халқымызда ақиқаттың алдаспаны атанған ақындардың дала өміріндегі ролі мен миссиясы айрықша болғаны белгілі. Шыңғысханның Майқы биге, Оғыз бектің Қорқыт бабаға, Керей мен Жәнібектің Асанқайғыға, Абылайдың Бұхар жырауға арқа сүйеуі осыны аңғартса керек. Тарихқа үңілсек, сөз сүлейі Сүйінбайдың жалғасы Жамбыл бабамызда ел мұңы, халық тағдыры дегенде шенділер мен шонжарларды өлеңімен аяусыз сынап келген»,-деп айтты.