«Ауылым – алтын тұғырым!» Халықаралық байқауының отырысы өтті

«Ауылым – алтын тұғырым!» Халықаралық байқауының отырысы өтті

Бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ауыл» партиясының «Ауылым – алтын тұғырым!» атты поэзия, проза, драматургия саласынан өткізбек болып отырған Халықаралық байқауының ұйымдастыру, қазылар алқасының отырысы өтті.

Жиналыста танымал қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, драматургтер – Ж. Ерғалиев, Р. Мұқанова, Ж. Әлмешұлы, Ж. Жарылғапов, А. Кеңшілік, Л. М. Харитонова, Н. Хабдай, Д. Кәпұлы, Ж. Әскербекқызы, Е. Бейілхан және «Мәдениет және спорт министрлігі - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі, жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер Е. Тілепбердиев қазылар алқасының мүшелігіне тағайындалды.

Отырысты «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Сенаты агарлық комитетінің төрағасы Әли Бектаев ашып, бұл байқаудың ауыл өмірінен бастау алатын, ұлтымыздың рухани құндылықтарын көркем шығармалар арқылы бейнелеп, Тәуелсіздіктің тарихи маңызын ашу және насихаттау мақсатында өткізілетінін, жылда өтетін байқаудан ерекше екенін айтып, жалпы бөлінетін қаржы, оның қалай ұйымдастырылуымен толық таныстырып шықты.

Жиында жазушылар сөз алып, ұсыныстарын ортаға салды. Номинацияға ізгілікті, парасатты «Еңбек адамы» дәріптелген шығармаға жеке номинация беру керек деп ұсыныс айтылды.

Байқаудың қазылар алқасының төрағасы болып Ж. Ерғалиев сайланды.
Жүлде қорын «Ауыл» партиясы өз міндетіне алады. Конкурсқа қатысқан шығармалар кітап болып шығады, шығынын «Ауыл» партиясы көтереді.

Конкурс «Мәдениет» порталымен бірлесіп атқарылады. Қатысатын шығармалар онлайн түрінде «Мәдениет» порталына жіберіледі.