Бүгін Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Нұр-Сұлтан қаласының ересектер мен жасөспірімдер арасында Nur-Sultan Open 2021 ашық чемпионаты басталды.
Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі, Нұр-Сұлтан қаласы жеңіл атлетика федерациясының Президенті Алтай Көлгінов қатысты.
Министр елімізде жастардың жеңіл атлетикаға деген қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында өскелең ұрпақтың спорт және шығармашылық әлеуетіне назар аудару қажет екендігін айтқан еді. Осы орайда бұқаралық, балалар-жасөспірімдер спортын дамытып, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. Спорт инфрақұрылымына да ден қою керек. Министрлік осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бүгін Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашқан Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде алғашқы жарысты бастағалы отырмыз. Манеж 7 мың көрерменге арналған, кез келген дәрежедегі халықаралық жарысты, әлемдік додаларды өткізуге болады. Өздеріңіз білетіндей, жеңіл атлетика спорттың кең тараған түрі. Бүгінгі таңда, Қазақстан жеңіл атлеттері Олимпиада, әлем чемпионаты мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. Бұл спорт түрінен Олимпия ойындарында алғашқы алтынды 2000 жылы Сиднейде (Австралия) Ольга Шишигина иеленді. Сонымен қатар Дмитрий Карпов, Ольга Рыпакова секілді әлем мойындаған спортшыларымыз бар.
Алдағы уақытта да еліміздің атын танытатын жас спортшылар көптеп шығады деген үміттеміз. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Баршаңызды, жеңіл атлетика кешінінің салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін»,-деді Ақтоты Райымқұлова.
Ашық чемпионат жеңіл атлетиканың 5 түрінен (ядро лақтыру, 4*200 метрге аралас эстафета, ұзындыққа секіру, жүгіру және жеңіл атлетикалық жүріс) өтіп жатыр. Жарысқа СҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облысы мен Шымкент, Нұр-Сұлтан қаласынан келген 150-ден астам спортшы қатысып жатыр.