Ғабидолла Әбдірахымов: Табиғатты қорғай отырып, туризмді дамыту керек

Ғабидолла Әбдірахымов: Табиғатты қорғай отырып, туризмді дамыту керек

ҚР Мәдениет және спорт вицеминистрі Ғабидолла Әбдірахымов Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына байланысты пікірін білдірді.

Кейінгі кезде қоғам Бозжыра шатқалына қонақүй салу жайын қызу талқылап, екі түрлі пікір айтылып жатыр.

Жергілікті қоғам өкілдері бастаған бір тарап құрылыс жұмысына үзілді-кесілді қарсы шықса, екіншісі тарап нысан құрылысын қолдап, осы арқылы жаңа жұмыс орны көптеп ашылатынын, өңір дамуына серпін беретінін айтып келеді.

Расында екі тарап айтқан ойдың жаны бар. Иә, табиғатты қорғау керек, сонымен қатар туризм саласын да дамыту керек.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, осыған ұқсас мысал көп. Соның бірі - АҚШ-тағы әйгілі Гран Каньон. Бүгінде ұлттық саябақ маңында көптеген қонақ үй жұмыс істейді. Ал сипаттамасында Гран Каньонға дейінгі қашықтық көрсетілген. Сонымен қатар кемпингтер мен автотұрақтар да бар.

Осы ретте Сауд Арабиясындағы Аль Ула елдімекені де мысал бола алады. Сауд Арабиясы Үкіметі бұл жерде кешенді туризмді дамыту жоспарын дайындап, жыл сайын түрлі іс-шара өткізіп келеді.

Аталған мысалдар мен қарсы және қолдаушы тараптың пікірін ескере отырып, Бозжыра маңында қонақ үй салуды орынды деп санаймын. Алайда кешендер арнайы мамандар айтқандай шатқал экологиясына зиян келтірмейтін қашықтыққа салынуы керек.

Сонымен қатар инфрақұрылымды дамытып, келушілерге барынша жағдай жасау маңызды. Жаяу және вело жүргіншілерге, атпен серуендеушілерге арналған арнайы жол салу керек. Осылайша туристер көліктерін тұрақта қалдырып, шатқалға жоғарыда аталғандай жаяу, велосипедпен, атпен барады.

Осы арқылы өңір табиғатын қорғап, туризм мен демалысты заманауи құралдар арқылы дамытамыз деді ол.