
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дəуешов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифингке қатысты.
Жиында вице-министр білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру – мемлекет саясатының негізгі ұстанымдарының бірі екенін атап өтіп, бұл бағытта Министрлік атқарып жатқан жұмысқа тоқталды.
«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы кітап оқу мәселесінің маңыздылығын атап өтті. Президент бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғынының күш-жігерін оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы»,-деп жариялайды. Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында өтетін іс-шаралар республиканың барлық өңірін қамтитын болады.
Еліміздің ендігі дамуы мен келешегі балалар мен жасөспірімдердің білімі мен рухани дамуына тікелей байланысты. Біздің мақсатымыз - кітап оқуға үндеу арқылы олардың мәдениетін көтеру.
Бұл жылы жоспарланған мәдени-танымдық іс-шаралар алуан түрлі. Соның ішінде, кітапханалар жүйесі мен қызметінің заманауи үлгілерін ұйымдастыру ісі жолға қойылып келеді. Яғни, оқырмандардың кітап оқуына мүмкіндігінше жағдай жасалатын болады.
Биыл Алматы қаласында, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облысында жаңа коворкинг орталық ашу жоспарланып отыр. Дәстүрлі кітапхана қызметімен қатар, ұлттық электрондық кітапхана жұмысы жетілдірілуде. Осы жұмыс аясында Министрлік Қазақстан кітапханаларының жиынтық электронды каталогын іске қоспақ. Сондай-ақ биллинг жүйесі арқылы оқырмандарға еліміздің кітапханаларының электронды қорын қолжетімді ету жолдары пысықталып жатыр.
Елімізде бірыңғай электронды оқырман билетті қолданысқа енгізудің нормативтік тәртібі айқындалып жатыр. Бұдан бөлек осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық кітапхананы ашу мәселесі заңнамалық және қаржылық тұрғыда пысықталатын болады»,-деді.
Осыдан кейін өткен жылы коронавирус пандемиясы кезінде Мəдениет жəне спорт министрлігі қолға алған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасына тоқталды.
Жалпы білім беретін мектеп оқушылары үшін 2020-2021 оқу жылына арналған онлайн платформаға 5 бағытты қамтитын (бейнелеу, театр, музыка өнері, кинематография, «Қасиетті Қазақстан» жобасы) 300 бейнесабақ орналастырылған.
«Бұл жобаның артықшылығы:
- кез келген уақытта және кез келген жерде қол жетімді;
- Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды саяхат жасауға болады;
- опера, балет, драма өнерінің үздік үлгілері, отандық және шетелдік қызықты кинофильмдер мен мультфильмдер, таңғажайып музыкалық шығармалар ұсынылған;
- бейнесабақтарға лектор ретінде еліміздің шығармашылық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы тартылып отырады.
Бүгінгі таңда «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасы балалар мен жасөспірімдер арасында сұранысқа ие. Бұл жайлы аға буын тарапынан айтылған пікірлерді атап өтуге болады.
2021 жылы 1 ақпандағы есеп бойынша жобаның бейнекөрсетілімін тамашалағандар саны 2 млн. 500 мыңнан асқан болса, 11 000-нан астам оқушы арнайы тест тапсыру үшін сайтқа тіркелген»,-деп айтты Нұрғиса Дəуешов.