
Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Мәдениет және спорт министрлігі –Адалдық алаңы» жобасы аясында кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – музей ұжымымен бірлесе отырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Кездесуге «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Марат Камзолдаев, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері Мерген Дүйсенов, Айгүл Сақтағанова, Ерқожа Әлқожаұлы, ҚР Ұлттық музей басшылығы мен қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында сөз алған жоба кеңсесінің жетекшісі М. Камзолдаев «Республикалық «Адалдық алаңы» жобасының мақсаты - тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты азайту. Оған қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың ашықтығын, жариялығын, шынайылығын арттыру. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Жобаның ерекшелігі- азаматтық қоғамның оны іске асыруға жаппай қатысуы. Әр мекемеде жоба кеңсесі құрылып, «Адалдық алаңы» жобасы аясында арнайы бұрыш жасақтау керек» - дей келе, екі жақты келісімге келіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды дамыту қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері де өз ойларын ортаға салып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен күрес жұмыстары туралы жеке іс тәжірибелерімен бөлісті. Соның ішінде, ұжым арасында парасаттылықты, мәдениеттілікті насихаттау, халық пен мемлекетті жақындастыру бағытындағы жұмыстар туралы сөз қозғады.
Айта кетейік, алдағы уақытта аталған жоба негізінде екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға арналған іс-шаралар жоспарланып отыр.