Ұлттық академиялық кітапханада «Мейірімді қоғам, мемлекет құрудың қажеттілігі, оның пайдасы туралы» кітабының тұсаукесері өтті

Ұлттық академиялық кітапханада «Мейірімді қоғам, мемлекет  құрудың қажеттілігі, оның пайдасы туралы» кітабының тұсаукесері өтті

5 ақпанда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты Ұлттық Академиялық кітапханада қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлының «Мейірімді қоғам, мемлекет құрудың қажеттілігі, оның пайдасы туралы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер «Мәдениет және спорт министрлігі - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі, «Отандастар қоры», «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы», «Тарихи Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Кітап қоғамды мейірім арқылы ізгілікке жетелеуді арқау етеді.

Іс-шараға философия ғылымының докторы, академик Ғарифолла Есім модератор болды.

Жиынға дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы орталық аппаратының кеңесшісі Қарлығаш Қожамұрат, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенті төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, «Мәдениет және спорт министрлігі - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Марат Қамзолдаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мәдениет және спорт министрлігі - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі Ерғожа Тілепберді, ғалымдар мен жазушылар қатысып, кітапты елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қажет құрал ретінде пайдалануға болатынына басты назар аударып, өз ұсыныстарын айтты.

Сонымен қатар мемлекетіміздің азаматтық қоғам құру туралы Ата заңда жазылған шарттарына сәйкес келетін осы туындыны зиялы қауым өкілдері қызу талқылап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу үшін қоғамды ізгілікке, парасаттылыққа тарту керек екенін, оған жетудің жолдарын осы шығармадан табуға болатынын жеткізді.