
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбіловті 70 жасқа толуымен құттықтады. Президенттің құттықтау хатын мерейтой иесіне Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн түрде табыстады.
«Сіз әлемдік және отандық классиктердің шығармаларын өзіңізге тән шеберлікпен орындап, өнер жолындағы биік белестерді бағындырып, жұртшылықтың ыстық ықыласы мен шынайы құрметіне бөленіп келе жатқан шығармашылық иесісіз.
Опера әншісі ретінде өзіңіздің дара дауысыңыз бен орындаушылық шеберлігіңіз арқылы ұлы Абайдың ән мұрасының терең иірімдерін өнерсүйер қауымға жеткіздіңіз. Ұлағатты ұстаз ретінде жастардың қабілет көзін ашып, биіктерге самғауына қосқан үлесіңіз де өзалдына бір төбе», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.
Өз кезегінде Шахимардан Қайдарұлы Мемлекет басшысына алғысын айтып, қазіргі əлемдік коронавирус пандемиясын біртұтас халық болып бірге еңсеретінімізге сенім білдірді.
Айта кетейік, Шахимардан Əбілов Қазақстанның еңбек сіңірген артисі (1994), Мемлекеттік сыйлықтың иегері (2006), «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері (2015). Шығармашылық жолында 500-ден астам туындыны орындаған.Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы аясында Париж, Лондон, Мəскеу жəне өзге де қалаларда жеке концерт берген.