
Министрліктің спорт саласындағы басты жұмысы 2025 жылға дейін дене шынықтыру және спортты дамытудың тұжырымдамасын, сондай-ақ 2020-2024 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыруға бағытталды.
2020 жылдың 1 қаңтарынан спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы артып, 2023 жылға дейін 25 пайызға өсіп отырады.
Бұдан басқа Спортшылардың допингке қарсы зертханасы, Ұлттық допингке қарсы орталық, Республикалық оқу-әдістемелік және дене шынықтыру және спорт бойынша сараптама орталығы, Спортты дамыту дирекциясы қызметкерлерінің жалақысына 100 пайыз көлемінде қосымша ақы тағайындалды. Осылайша жалақы екі есеге артты.
Сонымен қатар, мемлекеттік білім беретін ұйымдардың дене шынықтыру пәнінің оқытушыларына қосымша сабақ жүргізгендері үшін базалық жалақыларына 100 пайыз көлемінде қосымша ақы тағайындалды.
Пандемия кезінде мемлекет спорт саласындағы республикалық мекемелердің қаржыландыруын тоқтатқан жоқ.