
Бүгін ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Ұлттық академиялық кітапханада зиялы қауымға «Парасат жолы» жобасын таныстырды.
Осылайша, «Адалдық алаңы» жобасы аясында еліміздің барлық өңіріндегі облыстық кітапханада «Парасат жолы» орталығы ашылды.
Іс-шараға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, ақын, жазушы Баянғали Әлімжанов, сықақшы Көпен Әмірбек, профессор, филология ғылымының докторы Шәкір Ыбыраев, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Дәулеткерей Қәпұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев және республикалық маңызы бар қалалар мен барлық облыстық кітапханалардың басшылары қатысты.
Жиында сөз алған Ақтоты Райымқұлова еліміз заманмен үндесіп қарыштап дамуы үшін жалпыға ортақ адам құқығы толық сақталып, заң мен тәртіп орнауға тиіс екенін атап өтті.
«Мызғымас бірлігіміздің негізі – ұлттық мәдениет және «алдымен, адам бол» атты өсиетпен жеткен Ұлы Дала этнопедагогикасы екенін атап өткім келеді. Бүгін біз Сіздермен қазақ халқының болашағына қандай рухани негіз қалауымыз керектігі жайында байыпты әңгіме өрбіту үшін жиналып отырмыз. Осы ретте мен мәдениет саласы қызметкерлерінің атынан барлық жерде парасаттылық идеологиясын ілгерілету және кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төзбеушілікті қалыптастыру қажеттігі туралы айтқым келеді.
Бүгінге дейін «Адалдық алаңы» жобасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеді.
2019 жылы қараша айында іске қосылған жобалық кеңсе Министрлікте және барлық бағынысты мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен оның алдын алуға бағытталған қызметті қызу жүргізіп жатыр.
Жобалық кеңсе қызметкерлері жұмысы барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз қарым қатынас орнатты»,-деді.
Сонымен қатар министр биыл 8 қаңтарда Ұлттық академиялық кітапханада ашылған «Парасат жолы» орталығы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы тығыз іс-қимылдың кезекті нәтижесі екеніне тоқталды.
«Бүгін біз еліміздің барлық өңіріндегі облыстық кітапхана базасында «Парасат жолы» өңірлік орталықтарының ашылуына қатысып отырмыз. Жаңа орталықтардың жұмысы адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілетуге ықпал етеді деп үміттенемін»,-деп айтты Ақтоты Райымқұлова.
Министр мен агенттік төрағасы «Парасат жолы» орталықтарының жұмысын ілгерілетуге бағытталған екіжақты Меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, меморандумның мақсаты – зиялы қауым өкілдерімен бірлесе отырып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, парасаттылық идеологиясын ілгерілету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттау.