
Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет жанындағы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.
Жиынға Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жəне және өзге де комиссия мүшелері қатысты.
Ұлттық комиссия отырысында латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жұмысының нәтижесі баяндалып, жетілдірілген әліпби мен оның емле ережелері, пернетақтада орналасу тәртібінің жобалары, кезең-кезеңмен латын негізді әліпбиге көшу аясында алдағы уақытта атқарылатын жұмыс қаралды.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыс туралы Ақтоты Райымқұлова мен Анар Фазылжанова, қазақ тілі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібінің жобасы туралы Бағдат Мусин, латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу жөніндегі алдағы жұмыс туралы Асхат Аймағамбетов баяндады.
Сонымен қатар Премьер-Министрге ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов, Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, тарих ғылымының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов түсініктеме берді.
Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша әліпби мен оның емле ережелері, латын негізді қазақ тілі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібінің жобалары мақұлданды.
«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын дайындау туралы шешім қабылданды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмысы басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы мен қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды. Білім беру мекемелерінде жетілдірілген әліпби белгілерін жазу және оқу бойынша сауалнама жүргізілді. Қоғамдық пікірді ескеру мақсатында ашық талқылаулар ұйымдастырылды.
Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған.
Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.
Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен облыстардың әкімдігіне ғалымдарды, сарапшыларды, қоғам қайраткерлерін, зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, тұрғындар арасында нысаналы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыру тапсырылды.