Пандемия кезіндегі ел спорты

Пандемия кезіндегі ел спорты

Пандемия басталған сәтте Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі елдегі барлық республикалық, халықаралық жарыс пен оқу-жаттығу жиынының өткізілуін және ұлттық құрама спортшыларының алыс-жақын шет мемлекеттердегі бәсекелерге қатысуын тоқтатты.

Қазақстан Республикасы Бас санитария дәрігерінің қаулысына сәйкес барлық спорт нысанының, бассейн мен фитнес орталығының қызметі тоқтатылды.

BizBirgemiz онлайн тренингтері ұйымдастырылды. Осы #BizBirgemiz жобасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі Kazsport телеарнасымен бірлесіп, 50-ден астам танымал спортшының қатысуымен тікелей онлайн жаттығу ұйымдастырды.
Сонымен қатар Министрлік танымал спортшылардың қатысуымен таңертең 8:00-де онлайн режимінде жаттығулар, сағат 14:00-де онлайн-сабақ, 18:00-де онлайн-дәріс, сұхбаттар ұйымдастырды.

«Хабар 24» телеарнасымен бірлесіп «Олимп» бағдарламасынан танымал спортшы, өнер қайраткері және дәрігерлердің қатысуымен тыныс алу жаттығуларын дұрыс жасау арқылы денсаулықты қайта қалпына келтіруге арналған бірқатар бағдарлама эфирге шықты (4 тамызда – коронавируспен күрестегі гимнастика, 11 тамызда – велосипедшілерді коронавирус пандемиясы кезінде оқыту, 18 тамызда – Нұр-Сұлтандағы цигун практикасы, 25 тамызда – дене және ақыл үшін йога).

Ал KazSport арнасымен бірлесіп танымал спортшылардың қатысуымен бұқаралық спортты насихаттауға арналған «Жұлдызбен жаттығу»/ «Звездная разминка» бағдарламасы көрерменге жол тартты.

Жобаға қатысушылар үздік жаттықтырушылардың жетекшілігімен йога, стретчинг, пилатес, шейпинг сынды спорт түрімен шұғылданды.

Сонымен қатар пандемия кезінде Министрлік «Пайдалы бос уақыт» жобасын іске қосты. Жаңа мәдени-ағартушылық жоба аясында бүкіл елдегі медицина қызметкерінің балалары онлайн форматта тегін білім алды.

Балалар арнайы платформаға тіркеліп, кескіндеме, актерлік шеберлік, домбыра, гитара, фортепиано, эстрада ән айту, скрипка, еркін күрес, бокс, дзюдо, гимнастика, тоғызұмалақ бойынша онлайн дәріс тамашалады.

Осындай алуан түрлі таңдаудың арқасында дәрігерлердің балалары карантин кезіндегі уақытын барынша тиімді өткізді.
Жоба аясында еліміздің әр өңіріндегі 9 бен 15 жасқа аралығындағы 186 жасөспірім білім алады.

Көптеген өнер және спорт маманы мастер-кластар өткізіп үлгерді. Олардың ішінде Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсаходжаева, Бағым Мұхитденова, Ермахан Ыбрайымов, Елдос Сметов, Анвара Садықова, Баян Қазнабиева, Мақсат Медеубек және өзге де спор және өнер иесі бар. Кейіннен бұл үрдісті Қазақстан шахмат федерациясы жалғастырып, Жансая Әбдімәлік, Дәрмен Сәдуақасов, Динара Садвакасова өрендерге білгенін үйретті.

Сәт сайын KazSport және «Хабар» телеарнасынан коронавирус инфекциясынан қалай сақтануға болатыны және санитария шаралары жайлы бірқатар сұхбат жарық көріп, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бейнероликтер шықты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Ұлттық Олимпиада комитеті бірлесіп ұлттық құрама спортшылары мен олардың жаттықтырушыларын ПТР тестілеуден өткізді.
Қазір ұлттық құрамалар Қазақстан Республикасының Бас санитария дәрігерінің қаулысына сәйкес, барлық санитария-эпидемиология нормасын қатаң сақтап, жаттығу жұмысын жүргізіп жатыр.
Өткен жылы 8 қазандағы елімізде коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасы бойынша 12 қазаннан бастап (бірыңғай республикалық күнтізбе) келесі іс-шаралар қайта басталды:
- Өңірдегі бас санитария дәрігердің рұқсатымен барлық санитария-дезинфекция режимін сақтап, жанкүйерлерсіз Қазақстан Республикасының чемпионаттары және республикалық жарыстар;
- күшейтілген санитария-дезинфекция режимін сақтап, бір уақытта 30 адамнан аспайтын облыс командаларының оқу-жаттығу жиыны.