
2019 жылғы 14 мамырда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Нұртай Әбіқаев этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды мәдениет және спорт саласында қолдауды қамтамасыз ету мақсатында өзара ынтымақтастық пен әріптестік қатынастарды нығайту туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум этникалық қазақтарды және шетелде тұратын отандастарды қолдауға бағытталған бірлескен мәдени және спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша тараптар арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтуды көздейді.
Меморандум шеңберінде халықаралық, республикалық және өңірлік іс-шараларды (құрылтайлар, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, брифингтер, кеңестер, «дөңгелек үстелдер» және т. б.) өткізуге жәрдемдесу; шетелдік этникалық қазақтар үшін оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу мен шығаруды, оларды интернет-ресурстарда орналастыруды бірлесіп қамтамасыз ету саласында ынтымақтастық қалыптастыру қарастырылған.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы базасында шетелде тұратын отандастарымыз туралы кітаптардан тұратын «Отандастар» кітапханаcын құруды қолдау; шетелде тұратын отандастарды мемлекеттік шығармашылық оқу орындарында және Олимпиадалық резерв мектептерінде оқыту үшін квоталар (гранттар) бөлу көзделеді.
Елбасының V Дүниежүзілік қазақтар құрылтайында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында мәдениет және спорт саласында отандастар қатарынан талантты жастарды анықтау және тарту жөніндегі күш-жігерді біріктіру қажет.
