Кино орталығы кезекті питчингке өтінімдер қабылдайды

Кино орталығы кезекті питчингке өтінімдер қабылдайды

2021 жылдың 5 қаңтары мен 15 ақпан аралығында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының питчингіне қатысуға өтінімдер қабылданады.

Қазіргі таңда, мемлекеттік қаржылық қолдаудан үмітті киножобаларды іріктеу барысында ескерілетін басымдықтар айқындалған. 

  1. Кең кинопрокатқа бағытталған жобалар

Конкурсқа кез-келген жанрдағы сценарийлер өткізіледі, бұл ретте «отбасылық кино», «балалар киносы» жанрларында жазылған жұмыстар, оның ішінде өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және отбасылық құндылықтарды насихаттауғабағытталған анимациялық фильмдер басымдыққа ие болады. Одан басқа, халықаралық бірлесіп шығарылатын (ко-продукция) фильмдер назарға алынады.

  1. Әлеуметтік маңызы бар киножобалар

Қазіргі қоғамның негізгі әлеуметтік проблемаларына арналған сценарийлерге, сондай-ақ қоғамның назарын аударуды қажет ететін келесі шешілмеген мәселелерге басымдық беріледі: мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін жақсарту, қолжетімді орта құру, экологияны сақтау; әлеуметтік маңызы бар мамандықтар туралы, атап айтқанда коронавирус пандемиясы жағдайында аянбай қызмет еткен және вируспен күресуге атсалысқан медицина қызметкерлерінің жұмысы туралы жобалар.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және жұртшылықты сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу процесіне белсенді тарту тақырыбын ашатын сценарийлер мен құқық қорғау органдарының имиджін арттыруға бағытталған киножобалар да басымдыққа ие болмақ.

  1. Деректі кино

Келесі бағыттарға арналған сценарийлерге үлкен назар аударатын боламыз:

  • Ғылыми-көпшілік кино;
  • Қазақстан халықтарының достығына арналған фильмдер;
  • Қазақстан тарихы мен 2021 жылы өтетін мерейтойлар мен атаулы күндер туралы;
  • Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған фильмдер;
  • Қазақстанның киелі объектілері, оның ішінде Отырар қалашығы («Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасын іске асыру шеңберінде);
  • Қазақ халқының болмысы мен ерекшелігін анықтауға үлкен үлес қосқан маңызды тарихи тұлғаларға арналған фильмдер.
  1. Сондай-ақ, келесі тақырыптарды қозғайтын жобалар ескеріледі:
  • Біздің заманымыздың батырлары туралы;
  • Еліміздегі ғарыш саласының дамуы мен жетістіктері туралы;
  • Өз саласында жетістікке жеткен шетелдегі отандастарымыз туралы;
  • Отбасылық құндылықтарды дамытуға ерекше үлес қосқан белгілі әйелдер, аналар, ұлттық батырлар, белгілі тарихи тұлғалар туралы (Зарина, Қарлыға, Ақжүніс, Гүлбаршын, Назым, Айман, Шолпан, Нұрила, Айша бибі, Рабия ханым, Қарқабат, Қарашаш, Зере, Айғаным, Хиуаз, Камшат, Зылиха, күрішші Жадыра және т.б.).
  1. «Ірі бюджеттік тарихи ойын фильмдері» және «Қысқа метражды фильмдер» санаттарында мемлекеттік қаржыландыруға бөлінетін квоталар саны шектеулі.

Бұл жолы дәстүрлі қысқа метражды фильмдерден басқа, одан әрі әлеуметтік жарнама форматында республикалық ТВ-арналарда ротацияланатын, өткір әлеуметтік тақырыптарға қатысты шағын қысқа метражды фильмдер (роликтер) шығаруға өтінімдер қабылданады.

Жаңадан бастаған авторларды қолдау мақсатында дебюттік картиналарға басымдық беріледі.  

Өтінімге қоса берілген сценарийлерді Сараптама кеңесі 2021 жылғы 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында қарастырады. Питчингті өткізу күні қосымша хабарланатын болады.  

Сіздердің назарларыңызға Кино орталығы өтінімдерді қабылдау алгоритмінің жетілдірілген нұсқасын ұсынады. Электронды пошта арқылы құжаттарды қабылдау өткенде қалды. Енді питчинг қатысушылары ҰКҚМО арнайы порталын пайдалана алады https://portal.kazakhcinema.kz/. Порталда жеке кабинетті тіркеу, онлайн форматта өтінімді толтыру, барлық қажетті құжаттарды тіркеу, өтінімнің статусын тексеру, сондай-ақ есептілікті онлайн режимде тапсыру қызметтері қарастырылған.

Ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды шығару бойынша мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін оларды іріктеу қағидалары