
17 қаңтарда əнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Димаш Құдайберген АҚШ президенті Джо Байденнің инаугурациясын атап өту аптасының ашылуына арналған іс-шараға қатысады.
Қалыптасқан дәстүрге сай бұл іс-шараны Sister Cities International ұйымы өткізеді. Айта кетейік, АҚШ президенті Джо Байден аталған ұйымның тең төрағасы атанды. Жиынға дипломатиялық корпус өкілдері қатысады.
Коронавирус пандемиясына байланысты іс-шара онлайн форматта Нұр-Сұлтан уақытымен 18 қаңтар таңғы 6:00 мен 8:00 аралығында (АҚШ уақытымен 17 қаңтар кешке 19:00 мен 21:00 аралығы) өтеді.
Біздің анықтама:
Sister Cities халықаралық мемлекеттік емес ұйымын 1953 жылы АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауэр құрған. Осы күнге дейін Джон Ф. Кеннеди, Джордж Буш-кіші, Билл Клинтон, Барак Обама, Дональд Трамп сынды президенттер Вашингтон қаласындағы ұйымның теңтөрағасы ретінде қызмет етті.