Ақтоты Райымқұлова Алтынай Асылмұратованы құттықтады

Ақтоты Райымқұлова Алтынай Асылмұратованы құттықтады

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласының əкімі Алтай Көлгінов танымал балерина, Ресей Федерациясының халық артисі, «Достық», «Парасат» орденінің иегері Алтынай Асылмұратованы туған күнімен құттықтады.

«Құрметті Алтынай Əбдуахимқызы!
Сізді мерейлі 60 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз дүбірі алысқа естілген танымал балерина, қазақ балет өнерін өркендетуге зор үлес қосып келе жатқан тағылымды тəлімгер, қажырлы қайраткер ретінде халықтың ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Тума дарыныңыз бен биге деген құштарлығыңызды ұштастырып, бекзат өнердің барлық биігін бағындырып жатырсыз. Əр қойылым арқылы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі жұртшылық тарапынан үлкен қошеметке бөленіп, Ұлы Дала елінің есімін паш етудесіз. Елімізге сыйлы да елеулі Асылмұратовтар əулетінің өнерге деген адалдығын жалғап, биік белестерді бағындыра беруіңізге тілектеспін.

Алдағы уақытта да Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақ ұлттық хореография академиясы дарынды балет жұлдыздарын даярлай берсін.

Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін!»,-деп жазылған министрдің құттықтау хатында.