«Астана Балет» театрында стриминг алаң ашылды

«Астана Балет» театрында  стриминг алаң ашылды

Бүгін «Астана Балет» театры спектакльдерді 360 градус форматында тамашалауға мүмкіндік беретін AB-MEDIA атты еліміздегі тұңғыш театрлық стриминг сервисін іске қосты.

Стриминг алаңының ерекшелігі сол, оған тек стандартты толық форматты концерт, спектакль немесе деректі фильмдер ғана емес, 360 градус форматында түсірілген қойылымдар енеді.

360 градустық түсірілім арнайы камерамен жүзеге асырылып, төңіректің бәрін қамтиды. Қарапайым жалпақ дисплейден тамашалаған кезде көрермен көрсетілім бағытын панорама ретінде өзі бақылай алады. Ал VR-көзілдірік кисе, өзін сол көрсетілім ішінде жүргендей сезінеді. 360 градус форматындағы спектакльдер артистердің камераға қарап әрекет еткеніне қарай қойылғандықтан, көрермен өзін ерекше күйде сезінеді.

Қазіргі кезде театр контент қалыптастыру ісін қолға алып, 360 градус форматындағы спектакльдердің түсірілімін аяқтады. Бұл қатарда Сергей Прокофьевтың «Күлше қыз» екі актілі балеті мен премьерасы биыл қараша айында өткен отандық хореограф Анвара Садықованың «Желтораңғы туралы аңыз» бір актілі балеті бар. Енді таяуда спектакль көрсетіліміне билеттер сатыла бастайды. Театр басшылығының айтуынша, спектакльді бір рет тамашалау құны шамамен 500 теңге.

Дербес стриминг платформасы арқылы елордалық театр  көрермендер географиясын ұлғайтуды көздеп отыр: жеке спектакльдің көрсетіліміне билетті әлемнің кез келген жеріндегі көрермен сатып ала алады. Айта кетейік, бастапқы кезде контент алаңы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таратылады.

«Әлемді жайлаған пандемия салдары көрерменмен байланыстың жаңа түрлерін іздеуімізге түрткі болды. Дүниежүзінде театр саласы үлкен шығынға батып отыр. Әрине, театрда көрермендерді қабылдай алғанымызбен, олардың саны шектеулі. Эксклюзивті стриминг таратылымы осы түйткілді шешу жолы ретінде көрінеді. Яғни, осы арқылы біз көрермен санын шектемейміз, бұған қоса көрермендеріміздің географиясы да кеңейе түседі. Карантин кезінде бұл өте маңызды. Себебі, біз бұрынғыдай гастрольдік сапарға шығып, қазақ балет өнерін насихаттай алмаймыз. Айталық, Netflix, HBOmax және Disney+ сынды платформалардың танымалдылығы онлайн-контентке деген сұраныстың үлкен екенін айғақтап тұр. Дүниежүзінде театр сүйер қауым аз емес. Біз оларға арнап қызықты контент дайындап жатырмыз», - деді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.