
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесті.
Жиында министр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің ұсыныстарын іске асыру бойынша Мәдениет және спорт министрлігі атқарған жұмыс туралы айтып өтті.
Кездесуге Айдос Сарым, Максим Рожин, Айгүл Орынбек, Қанат Сахария, Ләззат Қожахметова және т.б қатысты.
Ақтоты Райымқұлова Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерінің барлық бастамасы мен ұсыны ескеріліп, мұқият пысықталып жатқанын және нәтижелердің бар екенін атап өтті.
«Биыл Мәдениет және спорт министрлігі жанынан мәдени саясат жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына Асанәлі Әшімұлы, Алтынбек Қоразбайұлы, Жанна Қуанышева сияқты мәдениет пен өнер саласындағы еңбек сіңірген қайраткерімен қатар Сіздердің ұсыныстарыңыз негізінде азаматтық қоғам өкілдері кірді.
Сонымен қатар рухани көшбасшылардың беделді пулы құрылды. Оның құрамында мәдениет және қоғам қайраткерлері Олжас Сүлейменов, Айман Мұсақожаева, Смағұл Елубай, Мұрат Әуезов және басқа да көрнекті тұлғалар бар. Пул мүшелері қазіргі заманғы мәдениет, өнер саласын дамытудың негізгі бағыттарын қалыптастыруға белсенді атсалысып келеді.
Дарынды жастарды қолдау, ілгерілету мақсатында жыл сайын тәрбиелік, патриоттық, эстетикалық сипаттағы түрлі форматтағы іс-шара тұрақты өткізіледі. Мәдениет саласындағы білім беруді ілгерілету, жоғары деңгейдегі бәсекеге қабілетті маман даярлауға және оқыту сапасын одан әрі арттыруға бағытталған.
Министрлік Тұңғыш Президент Қорымен бірлесіп, дарынды балалар мен жастарды, оның ішінде ауыл жастарын анықтау және қолдау бойынша «Ел үміті» атты жол картасын әзірледі. Балалардың, оқушылардың адамгершілік, рухани дамуы үшін қосымша білім берудің маңыздылығын ескере отырып, «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасы іске қосылды. Бұл жоба 1-11 сынып оқушылары үшін әзірленген және ұзақтығы 10-15 минуттан аспайтын онлайн-форматтағы қысқа видео-сабақтарды қамтиды. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды турлар жасай алады, опера, балет, драма өнерінің үздік үлгілерін, қазақ тілінде және шетелдік қызықты кинофильм, мультфильмдерді көріп, таңғажайып музыкалық туындыларды тыңдай алады.
Оқушыларға madeni-m.kz сайтында қазақ және орыс тілінде музыкалық, театр, кинематография, бейнелеу өнері және «Қасиетті Қазақстан» атты 5 бағыт бойынша барлық білім беру видео-сабақ тегін қолжетімді»,-деді.
Осыдан кейін министр Ұлттық қоғамдық сенім кеңес мүшелерінің, зиялы, азаматтық қоғам белсенділерінің ұсынысына сәйкес мәдени туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан кешенді шараларға тоқталды.
«Туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздегі туристификация картасының ТОП-10 негізгі бағыты айқындалды. Бүгінгі таңда «Ұлы дала Елі» музейін музейлендіру жұмысы аяқталып, «Қожа Ахмет Ясауи» музейін музейлендіру ісі жалғасып жатыр.
Ал туристік әлеуетті дамыту үшін және «Ұлық Ұлыстың» 750 жылдығын атап өту аясында Алаша хан мен Жошы хан кесенесінде ғылыми-реставрация жұмысы жүргізілуде, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі сапар-орталығының құрылысы аяқталды.
Жалпы туризм индустриясын дамыту үшін теңдесcіз мемлекеттік қолдау шаралары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы шеңберінде қарастырылған. Бұл заң жобасы осы жылы 18 қарашада Парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданды»,-деп айтты.
Сонымен қатар министр дене шынықтыру және спорт саласындағы жұмысты тізіп өтті.
«Мемлекет басшысы биыл 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру қажеттігіне назар аударуды тапсырды.
Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, барлық облыста, республикалық маңызы бар қалаларда, ірі аудан орталығында секциялар ашу және шығармашылық, қолөнер негізіне баулитын «балалар үйірмелерінің» қызметін жандандыру жұмысы жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар осы жылы алғаш рет заңнамалық түрде мемлекеттік спорттық тапсырыс түсінігі енгізілді, қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативін бекіту мәселесі пысықталып жатыр.
Дене шынықтыру және спорт саласында мұғалімдер мен спорт нұсқаушыларын ынталандыру шаралары қабылданды. Олардың қатарында мұғалімдерге сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізу бар.
Спорт мектептері және мамандандырылған спорт мектептерінің жаттықтырушы - оқытушыларының еңбекақысы жыл сайын 25% - ға ұлғайтылды. 2023 жылға қарай еңбекақының өсуі 100% -ды құрайтын болады.
Білім беру жүйесінің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» сияқты ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін енгізу жоспарланып отыр. Ұлттық спорт түрлерінің тізбесін айқындау жұмысы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, материалдық базаның, кадрлық әлеуеттің және ең бастысы білім алушылардың өздері үшін барлық қауіпсіздік шараларын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Еліміздің барлық өңірінде бұқаралық спорт түрлерінің дамуына серпін беру мақсатында спорт жөніндегі нұсқаушылардың штат бірліктері жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық және ведомстволық ұйымдарында бекітілгендіктен, ЖАО-дан спорт жөніндегі нұсқаушылардың санын ұлғайту жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жалпы бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстың бір бөлігімен Сіздерді таныстырдым. Еліміздің барлық өңірін қамтитын іс-шаралар министрлікпен ауқымды түрде жүргізіліп отыр. Келешекте бұл жұмыстың нәтижесі салауатты ұлт ретінде қалыптасуға тың серпіліс беретініне сенімдіміз»,-деді.