Ақтоты Райымқұлова жұмыс сапарымен Қызылордаға барды

Ақтоты Райымқұлова жұмыс сапарымен Қызылордаға барды

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қызылордаға жұмыс сапарымен барды.

Министр іс-сапар барысында қаладағы мәдениет, спорт мекемелерін аралады. Сонымен қатар зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, осы жылы атқарылған жұмыстар жайлы айтып, алдағы жұмыс жоспарын талқылады.

«Қызылорда – мемлекетіміздің қалыптасуы мен даму жолында өзіндік орны бар, астанасының бірі болған тарихи қала. Биыл күллі әлем үшін сындарлы кезеңге қарамастан алға қойған бірқатар маңызды міндетті абыроймен орындадық.

Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде осы жылы 1 қаңтардан бастап мәдениет және архив ұйымы қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалақының өсуі республика бойынша шамамен 34 мың адамды қамтыды десек, оның 1674-і Қызылорда облысының еншісіне тиіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі өз жалғасын табады.

Мемлекет тарапынан қолдаудың келесі түрі балет бишілеріне қатысты. «Мәдениет туралы» Заңға биыл енгізілген өзгеріс пен толықтыруларға сәйкес, мәдениет ұйымында 20 жылдық еңбек өтілі бар балет бишілері зейнет жасына дейін жалақысының 60%-ы көлемінде мемлекеттік жәрдемақы ала алады.

Сонымен қатар әдебиет пен өнер қайраткерлері мен дарынды жастарды қолдауға бағытталған Тұңғыш Президент – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 АЕК-ке дейін артты»,-деді.

Осындан кейін биыл 1 қаңтардан бастап 2023 жылға дейін мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 25%-ға ұлғаятынын атап өтті.

«Бүгінде мәдениет және спорт саласындағы қызметкерлердің тұрғын-үй жағдайын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүзеге асырылып отыр. 

Мәдениет және спорт объектілерін қайта қалпына келтіру, жөндеу жұмысын жүргізу іске асырылып, жаңа нысандар бой көтеруде. Оның ішінде Қызылорда облысы бойынша 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» аясында 22 жобаны жүзеге асырып жатырмыз.
«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша Жаңақорған ауданы Шалқия кентінің мәдениет үйі мен Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 600 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүалғасып жатыр. Екі нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар биыл Қызылорда облысы бойынша 4 спорт кешені пайдалануға берілді»,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ министр басқосу кезінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175, Алтын Орданың (Ұлық ұлыстың) 750 жылдық мерейтойы аясында Қызылорда облысында өткен іс-шаралар жайлы тарқатып айтты.

«Пандемияға байланысты бұл мерекелерді атап өтудің республикалық деңгейдегі жоспары қайта қарастырылып, басым бөлігі онлайн форматқа ауысқаны бәрімізге белгілі. Бастысы, барлық іс-шара той тойлауға емес, барынша ой толғауға бағытталғанын атап өткен жөн.

Мәселен, Қызылорда облысы бойынша Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай 430 мәдени-ағарту іс-шара, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына орай облыс кітапханаларында 200-ге жуық тақырыптық кітап көрмесі, тарихи-танымдық кеш пен түрлі бағыттағы 280 іс-шара өтті.

Осы жылы Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып жарияланды. Ұлы ақынның есімін ұлықтау мақсатында Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған «Мұрагер» орта мектебіне Абай есімі берілді.

Жалпы Сыр елінде хакімнің 175 жылдығы Ерсайын Төлеубайдың «Абай» спектаклімен бастау алып, 900-ден аса іс-шара ұйымдастырылды»,-деді.

Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысы әрдайым халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне, барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамытуға айрықша назар аударып келе жатқанына назар аударды.

«Бұл бағытта еліміздің барлық өңірінде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Президент биыл 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды»,-деп айтты.