
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова АҚШ-тың Флорида штаты, Холливуд қаласында кәсіпқой бокс кешінде орта салмақтағы IBF және IBO алтын белбеуін сәтті қорғаған Геннадий Головкинді жеңісімен құттықтады.
«Құрметті Геннадий!
Сізді Камил Шереметаны жеңіп, орта салмақтағы IBF және IBO алтын белбеуін сәтті қорғауыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз шаршы алаң төрінде әккі қарсыласыңызды айқын басымдықпен жеңіп миллиондаған жанкүйердің ыстық ықыласына бөленіп отырсыз. Мұхиттың бергі бетіндегі Қазақстан халқы Сіздің әр жекпе-жегіңізді асыға күтеді, жеңісіңізге шексіз қуанады. Алдағы уақытта да кәсіпқой бокс әлемінің алыбы екеніңізді паш етіп, жарқын кездесулерде мерейіңіздің үстем түсе беруіне тілектеспін.
Осынау орайлы сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, бәсекелерде толайым табыс тілеймін!»,-делінген құттықтау хатында.