
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Құрметті достар!
Ардақты ағайын!
Сіздерді əр қазақ үшін қастерлі мереке Тəуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
16 желтоқсан - осыдан 29 жыл бұрын əлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдызының туған күні. Бұл төл тарихымызда ұлт үшін басын бәйгеге тіккен талай нар тұлға, батыр, аяулы ана, абыз ақсақал мұратының ақиқатқа айналған сəті.
Осынау мәртебелі мереке береке-бірлікке құштар, ар-әділетті ту тұтқан халқымызды дамудың даңғыл жолына бастады. Тарихнама өлшемімен алғанда қас қағым мезгіл ішінде өркендеп келе жатқан Қазақстан – Тәуелсіздік, бостандық сынды қасиетті ұғымды тұғыр етіп, Мəңгілік Ел болуға белін бекем буды.
Сан саланы дамытуға бет бұрған азат мемлекетіміз әлемдік қауымдастықты алаңдатқан күрделі мәселелерге қол қусыра қарап отырмай, батыл бастамалар көтеріп келеді.
Ізденіс жолынан таймаған еліміз кемесін алысқа бағыттап бара жатқан жас мемлекет. Сапарымыз сəтті, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Еліміз ғұмырлы болсын!»,-деп жазылған министрдің құттықтау хатында.