Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін ел азаматтарының үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, өнер қайраткерлері, спортшылар бар,- деп хабарлайды akorda.kz

«Отан» орденімен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Майра Мұхамедқызы марапатталды.

І дәрежелі «Барыс» орденімен Жәния Әубәкірова авторлық мектебінің директоры Жәния Әубәкірова, ақын Шөмішбай Сариев марапатталды.

ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен жазушы, «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар марапатталды.

Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбектері «Парасат» орденіне лайық деп танылды. Олардың арасында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің антропологы О.Ысмағұлов,  Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының артисі Т.Мейрамов, ақын Р.Ниязбек бар.

ІІ дәрежелі «Достық» орденіне Н.Сац атындағы Мемлекеттік балалар және жасөспірімдер академиялық орыс театрының артисі Т.Тарская және басқалар ие болды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениет саласының 21 көрнекті өкіліне берілді, олардың ішінде белгілі композитор Қ.Құрманәлі, әншілер Ж.Айжан мен Т.Серіков, ғалым Р.Жансараева, ақын И.Сапарбай, актер С.Матвеев, өнертанушы К.Ли, театр және кино артистері З.Карина, Б.Тушаев және басқалар бар.

Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбектері «Құрмет» орденімен бағаланды. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жанындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әншісі С.Айтбаева, жазушылар С.Дәуітов және А.Кемелбаева, «Дизайнерлердің еуразиялық одағы» акционерлік қоғамының төрағасы Е.Асылханов, Алматы қаласы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының артисі М.Жүнісова, ақын С.Дүйсенғазы, М.Әуезов атындағы Мемлекеттік қазақ академиялық драма театрының артисі Ш.Меңдиярова, айтыскер ақын А.Тұрсынбаева, актер Ә.Райынбеков, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының солисі С.Таудаева және басқа да тұлғалар бар.