Ақтоты Райымқұлова Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды

Ақтоты Райымқұлова Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды.

Іс-сапар барысында министр қаладағы мəдениет, спорт нысандарын аралап, жұмысымен танысты.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан арнайы келген эколог-ғалымдар, қоғам белсенділерінің қатысуымен «Бозжыра» шатқалында экологиялық туризмді дамытуға арналған кездесу өтті.

Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Жәнібек Қожық, эколог Орынбасар Тоқжанов, Маңғыстау облысы іскер әйелдер ассоциациясының директоры Ирина Беляева, «Атамекен» ҰКП Маңғыстау өңірі кеңесінің жетекшісі Еділ Жаңбыршин, биология ғылымының докторы Райхан Байсенова, БҰҰ-да Қазақстандағы биоалуандық жөніндегі сарапшы, Орта Азиядағы ерекше қорғалатын аймақ бойынша JUCN сарапшысы Константин Плахов, Экология ұйымдары ассоциациясының өкілі, эколог Айжан Сқақова қатысты.

Жиында сөз алған Ақтоты Райымқұлова туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Маңғыстау басым 10 аймаққа кіретінін, экология мен табиғи орынға зиян келтірмей, сақтап қалу маңызды мәселе екенін атап өтті.

«Маңғыстау өңірінде жағажай туризмімен қатар қарқынды дамып келе жатқан бағыттың бірі -экология туризмі. Егер өңірге келетін туристер ағынын осы бастан реттеп алмасақ, дұрыс ұйымдастырылмаған жұмыс салдарынан келушілер қызығушылық танытқан табиғи орындарға айтарлықтай зиян келіп, жыл өткен сайын жағдайы нашарлайды»,-деді министр.

Ержан Еркінбаев өңірдегі экотуризмді тиімді дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

«Қазірден бастап Бозжыра я болмаса сол сияқты ерекше қорғалатын аймақты қорғау үшін кешенді жұмыс жүргізу керек. Бастысы жолға қойылған туристік бағдар мен инфрақұрылым. Мысалы, белгілі бір сапар орталығына дейін арнайы тас жол, асфальт болуы міндет емес. Сосын тамақтанып, кәдесый сатып алатын сапар орталығы болуы керек. Қазір қарқынды дамып келе жатқан бағыттың бірі селфи-туризм. Яғни, көрікті жерде суретке түсуге қолайлы жағдай жасау. Бұл үшін арнайы алаңқайлар керек. Осыдан кейін велосипед жалға беретін бекеттер. Бұл арқылы біз туристердің қорғалатын аймақта жөнсіз ары-бері жүруін, табиғатқа зиян келтіру мүмкіндігін азайтамыз. Бір сөзбен айтқанда саяхатшының демалысын барынша жоспарлы өткізуге көмектесу керек. Аталған тәжірибені әлемнің көптеген мемлекеті іс жүзінде іске асырып келеді»,-деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы.

Жиында эколог-ғалымдар шатқалдың экожүйесін бұзбай туризмді өркендету мүмкіндіктері туралы ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің профессоры, техника ғылымының кандидаты Ақмарал Серікбаева неге Маңғыстау туризмді дамытуға таптырмас өңір екеніне тоқталды.

«Маңғыстау топырағы тарихқа толы. Сарапшылардың айтуынша, бұл жерлерде Қазақстанның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерінің 50 пайызға жуығы шоғырланған. «Маңғыстаудың келешегі неде?»,-деген сұраққа «Туризмді дамыту», деп жауап берер едім. Оның ішінде экологиялық туризмді, яғни экологиялық сана қалыптастыратындай, табиғи ресурстарды, биоалуантүрлілікті және мәдени ерекшеліктерді сақтап, аумақтардың ластануын болдырмайтындай етіп ұйымдастыру керек»,-деді ғалым.

Ал экология саласының белгілі маманы, 18 жылдан бері өлкенің экологиясын жақсартуға, экотуризмді ұйымдастыру мәселесімен тұрақты айналысып келе жатқан Орынбасар Тоғжанов Бозжыра аңғарында «жабайы» туризм белең алып, реттелмеген көлік ағыны жануарлардың тынышын бұзып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Бозжыраға келушілер саны жыл сайын еселеп артуда. Алайда қаражат тапшылығынан туристік қызметті талапқа сай ұйымдастыруға мүмкіндік болмай, Бозжыра аңғарына Үстірт шыңының үсті және асты арқылы андыздап келетін ондаған борпылдақ дала жолдары пайда болды. Олармен бірнеше автокөлік әр жолмен қапталдаса, андағайлай жүйткіген кездегі алапат ақ тозаңды көргенде жаныңыз түршігеді. Ал адамның қысастығынан жөңкіле қашқан арқар, қарақұйрық, т.б. аңдардың көрінісі жүрек сыздатады»,-деді.

Сонымен қатар сарапшы инвестор компаниялардың келген туристерді қабылдайтын бір қабатты қонақүйді Бозжыра найзашыңдары түбінен салу жөніндегі ұсынысына неге қарсы екенін түсіндірді.

«Бірқатар азамат ұсынғандай туристік қабылдау орнын 10-50 км қашықтан салудың тиімсіздігіне де көз жеткіздік. Себебі алыстағы туристік қабылдау орнында  тұрып,  сан-сапат дала жолымен туристердің қандай көлікпен, қай жақтан келгенін, қалай жүргенін, не істеп жатқанын бақылау, реттеу мүмкін болмайды. Сондықтан шағын қонақ үйі, визит-орталығы бар туристік нысандар бірнеше шақырымдағы аңғар мен найзашыңдар түгел көрінетін төбе үстінде орналасуы қажет. Егер мұндай орын тым қашықта болса, Ақтаудан екі-үш сағатта жетіп баратын теп-тегіс жолда көпшілік оған тоқтамай-ақ, бірден Бозжыраға тартары сөзсіз», -дейді Орынбасар Тоғжанов.