Ералы Тоғжанов Алматыдағы туризм нысандарының жұмысымен танысты

Ералы Тоғжанов Алматыдағы туризм нысандарының жұмысымен танысты

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Мəдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаевпен бірге туристік нысандарға барды.

Ералы Тоғжанов Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы өкілдері жəне кәсіпкерлермен Шымбұлақ таулы курортында болып, бірқатар туристік жобамен танысты. Осыдан кейін Tenir шаңғы және сноуборд мектебі мен SNEG эко-қонақүй желісінің тұсаукесері өтті.

Өркен Бисақаев мұндай жобалар өткен жылы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің бастауымен құрылған Алматы тау кластерін дамыту бойынша жобалық кеңсе арқылы алдағы уақытта да жүзеге асатынын мəлімдеді.

Айта кетейік, жобалық кеңсе Kazakh Tourism, Алматы қаласы мен облыс əкімдігінің жанынан құрылған.

Делегация тау курортының ең төмен және ең биік нүктесінде орналасқан екі жаңа орталықта болды. Бұл жерден туристер курорт, Алматы қаласы мен облысының көрікті жерлері жайлы, еліміздің негізгі туризм бағыттары жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат ала алады.

Ал сапар-орталықтарынан керек құрал-жабдықтарды жалға алуға, кәдесый, ойын-сауық аттракционына жəне түрлі іс-шараға билет сатып алуға, тау нұсқаушылар қызметін пайдалануға болады.

«Халықаралық тәжірибе бойынша, сапар орталықтары туристерді белгілі бір жермен таныстырудың алғашқы нүктесі. Бұл жерде келушілер алғашқы минуттан бастап өздеріне ғана емес, қоршаған ортаға да қамқорлық жасау керегін түсінеді. Дәл осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, біз Шымбұлақ тау курортында да осыған ұқсас тәсіл қолдануды ұсындық», - дейді Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасының орынбасары Қ.Садуақасов.

Ералы Тоғжанов қатысушыларды жаңа сапар-орталықтың ашылуымен құттықтап, ашылған нысандардың маңызды екенін атап өтті.

Әрі қарай делегация 3200 метр биіктікте орналасқан, əлемде биіктік көрсеткіші бойынша 7-орындағы «Тәңір» глэмпингін аралады. Кешен халықаралық стандарттарға сай келетін 30 жатын орны бар 10 эко-үйден тұрады.

«Қазіргі заманауи өзгерістер туристерді экологияға зиян келтірмейтін демалыс форматына көбірек тартуда. Егер келушілер үшін қолайлы жағдаймен аталған өзгерістерді үйлестіре білсек туристердің көбі глэмпингті таңдайтыны анық. Мұндай жоба барлығының көңілінен шығуы керек», - дейді инвестор В.Сарыбеков.

Сонымен қатар жұмыс тобы 2021-2022 жылдары Алматы облысында туристер қызығушылық танытқан жерде жүзеге асырылатын S.N.E.G глэмпинг қонақүй желісінің жобасымен танысты. Жобаны іске асырушы инвестор Премьер-Министрдің орынбасарына бүгінде құрылыстың бірінші кезеңі аясында əр жерде 3 нысанның құрылысы басталатынын хабарлады.

Ералы Тоғжанов сапар барысында шаңғы және сноуборд мектебінің оқушыларымен, нұсқаушыларымен кездесті. Өткен жылы тау курорты кешенінде қалалық әкімдіктің қолдауымен 1200-ден астам бала ақысыз жаттыққан еді.

Сапар барысында тауда отбасылық демалысқа деген сұраныстың өскені, тау шаңғысы курорты, қонақ үй және туроператорлармен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды.

«Шет елдермен арадағы шекараның жабылуы ішкі туризмді дамытатын кез келгендігін дәлелдеді. Қазір туризм нарығындағы азаматтар бірігуге кірісті. Бұл туристік өнім қол жетімді бола бастады дегенді бідіреді», - деді Шымбұлақ демалыс орнының бас директоры Р.Әбдірахманов.

Іс-сапар нəтижесінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов біріккен жобалық кеңсе атқарған жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің туризм әлеуетін жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.