
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Парламент Мәжілісінің пленарлы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселесі жөніндегі ЮНЕСКО ұйымы арасында ІІ санатты Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы бойынша баяндама жасады.
«Өздеріңізге мәлім, 2015 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев ЮНЕСКО-да Қазақстан Республикасының бастамасымен және БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығын (2013-2022 ж) өткізу шеңберінде бұл бастаманы институционалды қолдау мақсатында ЮНЕСКО-мен бірлесіп, мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық институтын құру туралы ұсыныс жасап, сөз сөйледі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында этносаралық келісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайтуды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Осыған орай шартты ратификациялау халықаралық деңгейде еліміздің беделінің артуына ықпал ететін болады. Халықаралық шарты ратификациялау аяқталғаннан кейін орталық бұл жұмысты Қазақстан Республикасының мәдени саясатының басымдықтарына және БҰҰ-ның 2030 жылға дейін тұрақты даму саласындағы күн тәртібіне сәйкес жалғастырады»,-деді Ақтоты Райымқұлова.
Осыдан кейін министр аталған орталық қызметіне, атқаратын жұмысына қысқаша тоқталды.
«Бұл орталық:- этностардың, мәдениеттер мен діндердің шығу тегі саласына арналған іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге; - түрлі өркениет пен мәдениеттің өзара әсер етуінің кешенді процесіне мүмкіндік беретін Ұлы Жібек жолын зерттеуге; - мәдениетаралық қоғамдардың қалыптасуы және олардың жер шарының әр түкпірінде бірегейлігіне; - түрлі этностардың мәдениеттерін жақындастыру бойынша форум, конференция, дөңгелек үстел, ашық дәріс, тренинг, онлайн-дәрістер өткізуге; -халықаралық аудитория арасында бейбітшілік пен тұрақты даму мүддесінде мәдениетаралық диалог құндылықтарын таратуға бағытталған халықаралық ынтымақтастыққа арналған бірегей платформа болады.
Бұдан бөлек алдағы 2022 жылы Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы бағдарламасының (2013-2022) аяқталуына байланысты Қазақстан атынан «Білім мәдениетінің халықаралық онжылдығы» бағдарламасын жариялау туралы бастама көтерілді.
Білім мәдениеті әлем халықтары арасындағы мәдени байланысты дамытуға бағытталған келесі кезең. Орталық ЮНЕСКО қамқорлығымен жалпы адамзат қоғамының тұрақты дамуына ықпал ете отырып, осы идеяларды іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мәдениеттерді жақындастыру орталығына ЮНЕСКО-ның 2-санаты мәртебесін беру еліміздің ұлттық мүдделеріне сәйкес келеді, әрі саяси және әлеуметтік тұрғыдан тиімді болады. Бұл өз кезегінде ЮНЕСКО жүйесінде Қазақстан Республикасының бастамаларын іске асыруды тиімді ілгерілетуге ықпал етеді»,-деді.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова бұл Заң жобасын қабылдау республика бюджетінен қосымша қаржы шығындарына, теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдар тудырмайтынын атап өтті.