Қазақстандық қос палуан U23 әлем чемпионатында алтын медаль иегері атанды

Қазақстандық қос палуан U23 әлем чемпионатында алтын медаль иегері атанды

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі алтын медаль иеленді. Грек-рим күресінен Юсуф Ашрапов пен Айбек Айтбеков әлем чемпионы атанды.

72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Юсуф Ашрапов жарысты сенімді жеңіспен бастап, финалда Армения өкілі Гаспар Тертерянмен кездесті. Тартысты өткен белдесуде Юсуф 4:3 есебімен жеңіске жетіп, U23 әлем чемпионы атанды.

Ал 60 келіге дейінгі салмақта Айбек Айтбеков те қарсыластарының барлығын жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.

Финалға жолдама үшін өткен белдесуде украиналық Евген Поковбаны 5:4 есебімен жеңген Айбек алтын жүлде үшін әзірбайжандық Елмир Алиевпен кездесті. Шешуші белдесуде қарсыласынан 13:4 есебімен басым түскен отандасымыз әлем чемпионы атанды.

Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының тағы екі палуаны медальға таласады. 87 келіге дейінгі салмақта Темірлан Тұрдақын жартылай финалда Ресей палуанын 2:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Енді ол алтын медаль үшін Иран өкілі Ясин Әли Яздимен белдеседі.

Ал 130 келіге дейінгі салмақта Джохар Узаров жартылай финалда қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатының қола медалі үшін күреседі.