
Бүгін, 13 қазанда Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Беларусь Республикасының Спорт жəне туризм министрі Сергей Ковальчук 2020-2022 жылдарға арналған спорт жəне дене шынықтыру саласын дамытуға арналған екіжақты бағдарламаға қол қойды.
Аталған іс-шара коронавирус пандемиясына байланысты дипломаттар арқылы онлайн форматта өтті.
Бұл бағдарлама Қазақстан мен Беларусь арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған екі жақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Жол картасы» негізінде дайындалған.
Құжатта мемлекеттік мекемелердің бірлесуімен көптеген іс-шара ұйымдастыру қарастырылған. Мəселен, екі ел аумағында спорт жəне бұқаралық іс-шара өткізу, екі ел спортшыларының бірлескен оқу-жаттығу жиыны, Қазақстан мен Беларусьте өтетін түрлі халықаралық чемпионат пен додаға ұлттық құрама мен командалардың қатысуы.
Бағдарламадағы маңызды тармақтың бірі ЮНЕСКО-ның спортта допингке қарсы халықаралық конвенция ережелерін, дүниежүзілік допингке қарсы кодекс пен халықаралық стандарттарды жүзеге асыру жəне Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) байланыста болу.
Сонымен қатар бағдарлама аясында спорт саласындағы білім беру, ғылым, медицинаны дамытып, допингке қарсы бақылау бойынша ынтымақтастықты кеңейту көздерген.
Осы əріптестік аясында Беларусь мемлекеттік дене тəрбиесі университетіндегі «Бапкерлердің жоғары мектебінде» отандық бапкер жəне оқытушылардың біліктілігін арттыру курсы қарастырылған.
Бұл бағдарлама екі елдің түрлі спорт федерациялары, олимпиада резерві жəне даярлау орталықтары, спорт мектептері мен клубтар арасында тығыз байланыс орнатуға, жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік береді.