Қазақстан мен Румынияның мәдениет және спорт, туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастығы туралы не білеміз?

Қазақстан мен Румынияның мәдениет және спорт, туризм саласындағы  екіжақты ынтымақтастығы туралы не білеміз?

Қазақстан мен Румыния арасында туризм саласында 2009 жылы 20 қарашада Астанада, мəдениет саласында алғаш мемлекетаралық серіктестік жайлы келісім 2013 жылы 27 маусымда Астанада жасалған.

Мəдениет саласындағы əріптестік аясында 2015 жылдан бері Бухарестте қазақ киносының фестивалі өтеді. Танымал қазақ кинорежиссерлерінің туындылары көрсетілетін аталған фестиваль биыл желтоқсанда 6-рет ұйымдастырылады. Ал 2017 жылдан бері қазақ киносының күндері Констанца мен Клуж-Напока қаласында да өтіп келеді.

2018 жылдың 12-21 қазаны аралығында Петропавл қаласы қазақ драма театрының труппасы Бухарестте өткен «FEST on Bulevard» халықаралық театр өнері фестиваліне қатысты. Отандық ұжым көпшілікке 1986 жылы желтоқсан оқиғасына арналған «86» қойылымын ұсынды.

Мəдениет жəне спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы шет мемлекеттерде қазақ əдебиеті мен мəдениеті орталықтарын ашуға бағытталған халықаралық жобаны жүзеге асырып келеді.

Бұл жоба аясында 2018 жылы 29 мамырда Бухаресттегі Румыния ұлттық кітапханасында қазақ əдебиеті мен мəдениет орталығы ашылды. Осы іс-шарада екі жақтың ұлттық кітапханалар арасында əріптестік жайлы меморандумға қол қойылған еді.

Сонымен қатар 2018 жылы 11-12 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өткен «Заманауи əлемде кітап оқу мəдениеті» атты ІІІ халықаралық кітап оқу конгресіне румын жазушысы, аудармашы, журналист Крачун Юлиан Андрей қатысып, «Əдеби қауымдастық қалыптастырудағы ұлттық əдебиет» тақырыбында баяндама жасаған-ды.

Ал 2019 жылы 30-31 шілдеде Қарағанды қаласындағы Тəттімбет атындағы халық аспаптар оркестрі Констанца мен Бухарестте турне жасап, 2-6 тамызда Васлуй қаласындағы халықаралық фольклор фестиваліне қатысып қайтты.

Спорт саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Румыния құрамалары барлық халықаралық бəсеке мен додада бірге бақ сынап, екі елде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрады.

2019 жылы 20-27 тамызда Клуж-Напока қаласында өткен Əлем Кубогында көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы да өнер көрсетті.

Ал былтыр 8-27 қазанда Қазақстан маунтинбайк құрамасы Түркияның Ризе, Грекияның Кос, Румынияның Бухарест қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Азия Кубогына қатысты.

Биыл 18-23 ақпанда Румынияның Раснов қаласында тұғырдан шаңғымен секіруден өткен Əлем Кубогы кезеңінде Қазақстан спортшылары да бақ сынады.

Осы жылы əлемдік коронавирус пандемиясына байланысты екі ел арасында ешқандай оқу-жаттығу жиыны өтпеді.

Туризм саласындағы байланыс 

Қазақстан мен Румыния арасында туризм саласында 2009 жылы 20 қарашада Астанада, мəдениет саласында алғаш мемлекетаралық серіктестік жайлы келісім 2013 жылы 27 маусымда Астанада жасалған.