
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е. Көшербаевтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия жұмысына Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері және ғалымдар қатысты. Комиссия отырысының жұмысы селекторлық байланыс арқылы ұйымдастырылды.
Отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздердің қазақстандық бірегейлікті, патриотизм сезімін және халық бірлігін қалыптастырудағы маңызының арта түскеніне тоқталды. Отанды қастерлеу – мемлекеттiк рәмiздерге деген құрметтен басталады, мемлекеттік рәміздер – ел ішіндегі тұрақтылықтың нышаны, ұлттық рух пен қоғамдық келісімнің және патриоттық тәрбиенің аса маңызды құралы, - деп атап өтті.
Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жаңадан құрылған геральдикалық орталықтың жұмысы туралы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіндегі мемлекеттік рәміздерді дәріптеу мен қолдану саласындағы жұмыстардың жай-күйі талқыланды. Сондай-ақ, Республикалық комиссияның 2021 жылға жұмыс жоспары бекітілді.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е. Көшербаев орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.