Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды

Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Бұл Заңның мақсаты - қолданыстағы заңнаманы жетілдіру және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдай жасау. Негізгі бағыт – кітапхана және баспа ісі, фонограмма, мәдени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақтарды қолдауға қатысты болып отыр.

Кітапхана ісі бойынша

Электронды кітапхана 2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы базасында іске асып келеді. Дегенмен бүгінде еліміздің электронды кітапханасын іріктеу, қалыптастыру, толықтыру және дамыту тәртібін айқындайтын заңнамалық база жоқ болатын. Ендігі жерде бұл мәселе шешімін тауып Заңда электронды кітапхана мәселелерін реттейтін нормалар пайда болды.

Концерттік қызмет, ойын-сауық іс-шараларын өткізу, фонограмма мәселесі туралы

Министр Сенат отырысында әнші, артистер тарапынан концерт өткізу кезінде әдепсіз қылық көрсету, сахнаға мас күйінде шығып, өнер көрсету, жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалануға жол берілген бірқатар жайт та тіркелгендігін айтқан еді.

Осы орайда, енді заңнамалық деңгейде орындаушылардың осындай теріс іс-əркет жасауына жол бермеу үшін бірқатар міндеттемелер енгізілді.

Оның ішінде маңызды нормалардың бірі -  музыка орындаушылардың фонограмма қолданатынын хабарлау. Фонограмма пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалған. Барлық жарнама өнімі мен касса жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді. Сонымен қоса бұл билеттің құнына да әсер етеді.

Қаламақы мәселесі

"Қоғамдық маңызы бар әдебиет" тізіміне енген авторларға қаламақы төлеу мәселесі де осыған дейін көп талқыланған тақырып еді. Авторларға қаламақы төлеу мәселесі осы Заңмен бекітілді.

Жекешелендіру туралы

Енді мекемелер жекешелендіру мәселелері бойынша "Мемлекеттік мүлік туралы" Заң нормаларын негізге алады. Жаңа Заң талаптарына сай Мемлекеттік ұйымдар жекешелендіруге түспейді.

Өңірлік көркемдік кеңестер құру туралы

«Мәдениет туралы» Заңға енгізілген нормаларға сәйкес, Министрлік жанындағы мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында мәдениет саласындағы қызметтің барлық бағыты бойынша республикалық көркемдік кеңестердің жұмыс істейді. Аталған көркемдік кеңестер жұмысы өз жемісін беруде. Театрлардың репертуары жақсарып, киножобалардың сапасы, әдебиет пен өнер шығармаларының деңгейі артып отыр. Əр саланың даулы мәселелері тұрақты түрде талқылауға шығарылып, өз шешімін тауып келеді. Алайда республикалық көркемдік кеңес барлық саланың даулы мәселелерін қамтуы мүмкін емесін тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған орай Заңда өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, өңірлік көркемдік кеңестер құру туралы нормалар бар.