
30-31 қазанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Астана Балет» театрында Рикардо Амарантенің жаңа туындысы – «Longing» («Құштарлық») пен Дэвид Джонатанның «Instinct» («Инстинкт») бір актілі (екеуі де) балетінің премьерасы болады.
Рикардо Амаранте – 2016 жылдан бері «Астана Балет» театрының шақырылған хореографы. Сондықтан ол елорда көрермендеріне жақсы таныс. Оның қойылымдары театрдың концерт және гастроль бағдарламаларында тұрақты көрсетіліп келеді. «Longing» («Құштарлық») – Амарантенің «Астана Балет» театрында қойылатын оныншы балеті. Бұған дейінгі хореографтың «Gaia», «A fuego lento», «Love fear loss», «Diversity», «Қиялға бойлау», «Ол», «Бах», «Ұяң дауыстар» және «Жизель» балеті көрерменнің жоғары бағасын алған еді.
Музыкасын аргентиналық композитор Астор Пьяцолла мен Пабло Циглер жазған тың туындыда көрермен қимылмен өрілген эмоция толқыны мен минимализмге куә болады.
«Longing» жайлы балетмейстер өмірден, махаббаттан, қарым қатынастан шын мәнінде, не қалаймыз? деген сұраққа құрылған балет дейді.
-«Бұл қиялымыздағы мінсіз еркек пен әйел, өмірден, махаббаттан, қарым қатынастан шын мәнінде не қалайтынымыз жайлы. Сонымен қоса бұл балет түс секілді. Көбіне көрген түсіміздің не жайлы екенін түсіне бермейміз. Оны біреуге айтып отырғанда «мұның не сыры бар?» деген секілді ойға қаласың. Рас. Сол секілді осы балетті тамашалаған әр адам өзінше ой түйеді. Шамалы тангоның да әсері бар. Бәрін музыка жеткізеді. Мұндағы пластикалық шешімдер өзіме ұнататын неоклассика мәнерінде жасалған»,-деп ой бөлісті Рикардо Амаренте.
«Instinct» Дэвид Джонатанның - «Астана Балет» театрында қойылатын алғашқы балеті. Ол бұған дейін балетмейстер ретінде Австралия және Бельгия балет труппаларымен бірлесе жұмыс істеген. Бүгінде «Астана Балет» театрының хореографы «Instinct» балетін жасау идеясы бір жыл бұрын пайда болғанын, қазіргі таңда өзектілігі арта түскенін айтады.
-«Пандемия балеттің идеясына қатты әсер етті. Қойылымда карантин кезінде қандай күй кешкенімізді жеткізгім келеді. Либреттода да осы жайлы жаздым. Біраз уақыт оқшауланып, жақын туыстар, сүйікті жанмен кездесе алмадық. Осы сезім, бірге болуға деген ұмтылыс ерекше маңызға ие. Балетті атын "Инстинкт" деп атадық. Себебі, пандемия мен локдаун күтпеген жерден болып, біздің инстинктивті әдеттеріміз өзгеріске ұшырады. Осы жайлы ойлар мені мазалады. Біз бұрынғыдай өмір сүре алмадық. Бірақ бәрібір өмір сүру керек еді»,- дейді Дэвид Джонатан.
Айта кетейік, екі балетке де театрдың жетекші солисі Фархад Бөриев, Айжан Мұқатова, Сүндет Сұлтанов, Илья Манаенков және өзге де әртістер қатысады.
Біздің анықтама:
Рикардо Амаранте Бразилияда дүниеге келген. Куба мен Англияның ұлттық балет мектебінде оқыған. «Париж опера», «Jeune Ballet de France» және Бельгия балетінде солист қызметін атқарған. Нью-Йорк хореография институтында қызмет істеген. Амарантенің «Love Fear Loss» балеті Франция би қорының сыйлығына ие болып, көптеген халықаралық гала-концертте көрсетілді.
Сонымен қатар Еуропаның беделді балет мектептеріне, Куба ұлттық балетіне, Atlanta Ballet, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, Idaho Ballet, Украина ұлттық операсына, Германияның Дортмунд балетіне, Испания ұлттық балетіне арнап балет қойған. 2014 жылы Рикардо Амарантенің Бельгия корольдігі балетіне арнап қойған «In Flanders Fields» балеті сыншылары тарапынан жоғары бағаланды.
«Longing» бір актілі балеті:
Автор мен қоюшы: Рикардо Амаренте
Музыка – Астор Пьяццолла мен Пабло Циглер
Хореография – Рикардо Амаранте
Костюмдер – Паула Роза Сантана
Жарық – Роберт Даутов.
Қоюшы-хореограф Дэвид Джонатан 2002 жылы Австралияның Квинсленд штатының би академиясын тәмамдаған. Осыдан соң Австралия балет мектебінде біліктілігін арттырған.
Репертуарында «Баядерка» (Солор), «Онегин» (Ленский), «Ұйқыдағы ару» (ханзада Дезире), «Дон Кихот» (Эспада), Джордж Баланчиннің «Па-де-де», «Серенада», «Бәрібір емес пе?» қойылымында жетекші партия бар. Сонымен қоса И. Килиан, У. Форсайт, С.Харви, М. Хайдей, П. Нири, Р. Амаранте, У. М. Грегор, А. Фадеечев, Г. Тетли, К. Спак, Э. Пэйдж, Н. Фонте, К. Сото, Й. Эло, Э. Клюг, М. Корера, М. де Кандия және М. Молес сынды хореограф және қоюшмен бірге жұмыс істеген.
Дэвид Джонатан алғашқы қойылымын 2007 жылы Перттегі халықаралық өнер фестиваліне арнап жасаған екен. 2019 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры үшін «Бахты қайта танығанда» балетін қойды. Театр бұл қойылымды Франциядағы гастролі кезінде көрсеткен болатын. Сонымен бірге Д.Джонатан Еуропада MTV арнасында көрсетілген түрлі сән көрсетілімдері мен музыка бейнебаяндарының хореографиясын қойған.
Джонатан – Хельсинкидегі (Финляндия) халықаралық балет әртістері конкурсында хореографтар сыйлығының лауреаты, 2019 жылы Dance Europe Critics Choice журналының нұсқасы бойынша «'name to Watch' » атағына ие болды.
«Instinct» бір актілі балеті
Авторлар мен қоюшылар: Дэвид Джонатан.
Музыка – Паскаль ле Бёф, Ричард Мур, Жак Лусье.
Хореография – Дэвид Джонатан
Костюмдер – Паула Роза Сантана
Жарық – Роберт Даутов.