«Қазақ тілін үйрету: халықаралық және қазақстандық тәжірибе» атты біліктілікті арттыру курсы аяқталды

«Қазақ тілін үйрету: халықаралық және қазақстандық тәжірибе» атты біліктілікті арттыру курсы аяқталды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы онлайн режимде үш күнге созылған «Қазақ тілін үйрету: халықаралық және қазақстандық тәжірибе» атты біліктілікті арттыру курсын аяқтады.

Шетелдердегі қазақ мәдени орталықтарына ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуді мақсат тұтқан іс шараға АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Моңғолия, Ресей, Германия мемлекеттерінде тұрып жатқан қазақ тілін оқытушы қандастарымыз қатысты. Арадағы уақыт айырмасына қарамастан айрықша ынта-жігер танытқан оларға «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, Людвиг Максимилиан атындағы Мюнхен университеті Таяу және Орта Шығыс институтының PhD докторы Гүлсім Масақова, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы, магистр Айдар Балабеков, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Раушан Мырзабекова, Haileybury Астана мектебінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы Ақниет Озатұлы тіл оқыту тақырыбында дәріс оқыды.

Курстың соңғы күні болған бас қосуында орталықтың Ақпараттық технология басқармасының басшысы, жас ғалым Мөлдір Бақытқызы «Сөздікқор кз» жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, бұрын-соңды қазақ сөздеріне қатысты мәліметтер ПДФ форматында жасалғандықтан жүктеу кезінде кітап түрінде шығатын болса, еліміздің тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жоба экзель форматы арқылы кез келген жекелеген дербес сөздің анықтамасын, мағынасын еш қиындықсыз тауып береді. Әрі ұялы телефонға жүктелген Телеграм-бот көмегімен жұмыс жасау мүмкіндігі оның пайдалы да тиімді тұстарын еселей түседі. Бұл игі жобаны жүзеге асыруға екі жүзден астам ғалым-зерттеушілер тартылған екен.

Бұдан кейін  Людвиг Максимилиан атындағы Мюнхен университеті Таяу және Орта Шығыс институтының PhD докторы Гүлсім Масақова «Қазақ тілін онлайн оқытудағы негізгі өзекті мәселелер және әлемдік тәжірибелермен үйлесімі» туралы әңгімеледі.

Әлемдегі қазақ тілін оқытушыладың алғаш рет басын қосқан бұл шара Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Раушан Мырзабекованың «Шетелдіктердің тілдік деңгейін анықтауда қолданылатын тәсілдер» тақырыбындағы сабағымен өз мәресіне жетті.

Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі «Отандастар қоры» КеАҚ Президентінің кеңесшісі Дидар Болат атап өткендей, осы тұрғыда ұсыныстар түсіп жатса, келер жылы аясын кеңейту жағы қарастырылмақшы.