
Бүгін Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің қолдауымен республикалық «Бозоқ» тарихи-мəдени қорық-музейі Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесіп «Тал ек» акциясын өткізді.
Сонымен қатар бұл акция белгілі археолог Кемел Ақышевтің жетекшілігімен ашылған «Бозоқ» ескерткішінің 23 жылдығына арналды.
Іс-шараға Мəдениет жəне спорт министрлігі Мəдениет департаментінің директоры Күміс Сейітова, Нұр-Сұлтан қаласы Мəдениет басқармасының жетекшісі Азамат Ахмеджанов, профессор, тарих ғылымының докторы Зайнолла Самашев, тарих ғылымының кандидаты Марал Хабдулина мен тарих ғылымының кандидаты Бүркітбай Аяған қатысты.
Елорда аумағында жасыл белдеу қалыптастырып, тұрғындар демалысы мен жайлылығы үшін қолайлы жағдай жасау жайлы Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы айтқан болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында аталған мəселелердің əлі де күн тәртібінде тұрғанын атап өткен еді.
Музей басшылығы алдағы уақытта бұл жерде жел мен аяз-қарға ық болатын жасыл желек қатары артатынын жеткізді. Тал егер алдында осы бағытта құрылатын ұлттық саябақ жобасын талқылады.