Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматыға жұмыс сапарымен барды

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Алматыға жұмыс сапарымен барды

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевпен бірге Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды.

Үкімет мүшелері жұмыс сапарын Алматы қаласы əкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановпен бірге əйгілі ғалым, шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың 185 жылдық мерейтойына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен бастады.

Осыдан кейін Əл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановпен бірге ҚазҰУ-дың кітапханасында орналасқан халықаралық Əл-Фараби орталығындағы іс-шараға барды.

Орталықтағы Ұлы Дала тұлғасының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жаңадан жарық көрген ғұлама еңбектерімен жəне музей экспозициясымен танысты. Белгілі ғалым, профессор, Ұлттық ғылым академиясының алғашқы құрылтайшыларының бірі Ақжан əл-Машани бюстінің ашылуына қатысты.

Сонымен қатар университет ғалымдары мен археологтары тапқан жаңа тарихи артефактар қойылған «Ұлы Даланың жеті қыры» жəне Қазақ АКСР-нің 100 жылдығына арналған «Алаш» залын аралады.

Биыл 75 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты дамуға бағытталған кең ауқымды «Академиялық ықпалдастық» бағдарламасының жəне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған Тұңғыш Президент залының, əлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ашылған залдағы əлемде алғаш рет жарық көрген «əл-Фараби» энциклопедиясының презентациясына қатысты.

XIV ғасырдан бері əлемнің түкпір-түкпірінде жарық көрген қолжазбалар мен еңбектер жинақталған сирек кітаптар қорымен таныстып, фарабитанушы ғалымдармен кездесіп, əл-Фараби мұрасын дамытудағы өзекті мәселелері талқылады.

Сондай-ақ Үкімет мүшелері, белгілі ғалымдар көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлы мен Оразақ Смағұлұлының 90 жылдық мерейтойына арналған «Асыл адам айнымас» атты іс-шараға қатысты.

Басқосуда Ақтоты Райымқұлова мерейтой иелеріне «Мəдениет саласының үздігі» төсбелгісін тапсырып, еліміздің руханиятын дамытып, жастардың ғылымға деген құштарлығын арттыруға зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс айтты.

Сонымен қоса бүгінгі іс-шарада қос мерейтой иесінің «Абайдың шығыстық əлемі» жəне «Қазақтың ата тегі» кітабының тұсаукесері өтті.

Айта кетейік, биыл Мəдениет жəне спорт министрлігінің баспа ісі саласындағы бағдарламасының аясында абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының 10 томдық шығармалар жинағы мен Оразақ Смағұлұлының «Қазақ халқы және ата тегі» кітабы жарық көріп еліміздің барлық кітапханасына таратылды.