
ҚР Парламенті Мәжілісінде «Туризм саласын қолдау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қарастырылып жатыр.
Аталған заң жобасы депутаттардың бастамасымен дайындалған және мақсаты – туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасап, құқықтық базаны жетілдіру.
Ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Негізгі ұсыныстардың бірі – кәсіпкерлерді қолдау шараларын жүзеге асыру барысында Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктердің құзыретін кеңейту.
Бұл субсидия беру, шығындарды өтеу және қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау тәртібін нақтылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар гидтер, экскурсоводтар мен инструкторлардың қызметін реттеу тетіктерін жетілдіру ұсынылуда. Туристердің сенімі мен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында QR-коды бар сәйкестендіру бейдждері енгізілу жоспарланған. Қазіргі таңда мұндай бейдждер 112 гидке беріліп, 41 туристік нысанға жеңілдікпен кіру мүмкіндігі жасалған.
Агротуризмді жеке бағыт ретінде дамытуға ерекше назар аударылуда.
Депутаттар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мәртебесін өзгертпей-ақ, сол аумақтарда туристік қызметпен айналысуға рұқсат беруді ұсынды.
Бұл агротуризмді заңды түрде дамытуға, ауылдардағы жұмыспен қамтуды және табысты арттыруға, сондай-ақ өңірлердің мәдени мұрасын сақтауға жағдай жасайды. Бұдан бөлек, қонақ үйлерді жіктеу жүйесін жетілдіру көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта ресми классификациядан небәрі 3% орналастыру нысаны өткен.
Жаңа тәсілдер рәсімдердің ашықтығын арттырып, қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға дейін көтеруге мүмкіндік береді.
Ұсынылып отырған шараларды іске асыру туризм саласын жүйелі түрде дамытуға, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және Қазақстанның жайлы әрі қауіпсіз туристік бағыт ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді.