
Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымын 60 жылдығымен құттықтады.
«Құрметті «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы!
Сіздерді 60 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Тарихы бай, тамыры терең ұйым ұлттың рухани мүддесін ұлықтап, 60 жылдың ішінде талай таланттың өнерін шыңдаған іргелі мекемеге, қазақ өнерінің қара шаңырағына айналды.
Игі дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра білген «Қазақконцерттің» бай шежіресі Роза Бағланова, Жамал Омарова, Шара Жиенқұлова, Рабиға Есімжанова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Гүлнафис Баязитова, Үрия Тұрдығұлова сынды есімдері қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріппен жазылған сахна абыздарының өнерімен тығыз байланысты.
Осынау сара жолды Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Алтынбек Қоразбаев, Айман Мұсақожаева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова сынды саңлақтар жалғады.
Ал бүгінде Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Димаш Құдайберген, Мөлдір Әуелбекова, Бауыржан Ақтаев, Әділжан Толықпаев жəне өзге де өнерлі өрендер аға буынның ізін басып келеді.
Қазіргі «Қазақконцерт» – Қазақ мемлекеттік симфония оркестрі, «Forte Trio», «Астана сазы», «Халық қазынасы» атты тәжірбиесі мол өнер ұжымы мен «Saz and soul» ансамблі, «Astana Musical» театры сияқты жас таланттарды бір арнаға тоғыстырып, қанатын кеңге жайған ірі мәдениет ордасы.
2016 жылдан бері Елордамыздағы сəулеті жағынан бірегей ғимараттың бірі - «Қазақстан» орталық концерт залының төрінде қалыптасқан игі дəстүрді жалғап, халықтың жоғары бағасына ие бағдарламалар ұсынып келесіздер.
Берекелі ұжым лайым дарынымен дүйім жұртты тəнтті етіп жүрген өнерпаздармен толығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөлене беруіне тілектеспін.
Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, өнер ұжымы ұйыстырған барша жанға зор денсаулық, толайым табыс тілеймін!»,-делінген құттықтау хатында.