
Бүгін Семей қаласына жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев музей аумағындағы Абай мен оның ұлдарына қойылған ескерткішті ашты. Ақынның фотосуреті негізінде бой көтерген ескеркіштің авторы – мүсінші Нұрбол Қалиев. Қоладан тұрғызылған ескерткіштің биіктігі – 5 метр.
Ескерткіштің ашылу салтанатына ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, абайтанушы ғалымдар, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының екі фотосуреті ғана сақталған, соның бірі 1896 жылы Семей қаласында фотограф Н.Г.Кузнецов салонында ұлдары Ақылбай және Тұрағұлмен түскен суреті. Ескерткішке негіз болған бұл суретте Абай Құнанбайұлы 51 жаста. Ел ағасы атанып, би-болыстық қызметтер атқарып, үлкен тәжірибе жинақтаған, жан-жақтағы ел-жұртқа аты мәшһүр кезі. Сондай-ақ, 9 перзенттің әкесі, Ақылбай 35, Тұрағұл 21 жаста. Ақылбай бұл жылға дейін 5 баланың әкесі атанып үлгерсе, Тұрағұлдың жігіттік жас шағы.