
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практика орталығында өзге ұлт жастары арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық онлайн байқаудың ақтық кезеңі өтті.
Бұған дейін үш жыл қатарынан «Тілдарын» аталған байқау биылдан бастап «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» деп аталады.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба қатысушыларды құттықтай келе, байқаудың маңыздылығына тоқталды.
«Мемлекеттік тіл саясатына орай тіл үйренуге, тілді қолдануға барлық жағдай жасалып жатыр. Мектеп пен жоғары оқу орындары ғана емес, кәмелетке толған әрбір қазақстандықтың тіл меңгеруі үшін арнайы оқу орталықтары жұмыс істейді. Бір тіл үйренген адам жаңа бір әлем ашады деген әдемі түсінік бар. Сіздер байқауға қатысу арқылы көрер көкжиектеріңізді кеңейтіп отырсыздар, жаңағы айтылған ұғым тұрғысынан кегенде бұл әрекеттеріңізді ерлік деп бағалауға болады. Бұл – мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату ісіне, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеуге қосқан үлесіңіз. Тіл – жалықпай үйренген жастың жүрегіне құйылатын нұр, олардың болашақ өмірінің темірқазығы. Көбіңіз осы қасиетіңіздің арқасында ел игілігі жолында әртүрлі жауапты қызмет атқарып келесіздер»,-деді.
Ақпараттың, интеллектуалдық өнім мен идеялардың еркін қозғалысы жаһандану факторларының бірі. Оларды өркендетуде тіл байланыс құралына айналады және жаһандану барысындағы тілдердің трансформациялануына жол ашады.
Қазақ тілінің жаһандану кезіндегі рөлін күшейтудің негізгі шарттарының бірі – өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс ролін кеңейту. Осы мақсатта ұйымдастырылған онлайн-додаға еліміздің 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 21-35 жас аралығындағы облыс пен қаладағы іріктеу кезеңдерінің 17 жеңімпазы қатысты.
Байқауға «Мемлекеттік тілді дамыту Президент қорының» директоры, ғалым, филология ғылымының кандидаты Азат Шәуеев, Назарбаев Университетінің ассисент-профессоры, филология ғылымының кандидаты Жазира Ағабекова, Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы, саясаттану ғылымының докторы Дәулет Кәрібек, Жастар театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Баспасөз қызметінің басшысы Николай Путилин қазылық етті.
Республикалық байқау екі кезеңнен тұрды.
Алғашқысы кезең алдын ала жіберілген қатысушылардың өзі туралы 3 минуттан аспайтын қазақ тіліндегі бейнематериалдан тұрса, келесі бөлігінде сонша уақыт ішінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі экрандағы ұяшықтарда көрсетілген тақырыпта ой тербеуі қажет.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Орал қаласы №26 жалпы орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Ирина Суетина, бірінші орынды Шымкент қаласы №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Роман Письменский алды.
Ал екінші орынға Қостанай облысы Полиция департаменті, Ақпарат және байланыс басқармасының инженері Алита Бондаренко мен Атырау облысы Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылы, Талдыкөл орта мектебінің «Сәндік қолданбалы өнер» үйірме жетекшісі Асемгүл Таяпова ие болды.
Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистранты Галина Дураченко мен Алматы облысы, Қаратал ауданы әкімінің Баспасөз хатшысы Альбина Миронова ынталандыру сыйлығына ие болды.