Қашықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған семинар-жиналыс өтті

Қашықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған семинар-жиналыс өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің жетекшілік етуімен «Оқу процесін қашықтан ұйымдастыру» тақырыбында семинар жиналыс өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Министрлікке қарасты 5 мектеп-интернат-колледждің әдіскерлері мен мұғалімдері, облыстардағы Дене шынықтыру және спорт басқармаларына бағынысты спорт мектептерінің өкілдері қатысты.

Сәкен Мұсайбеков  қашықтан оқытудың кейбір қиыншылықтарына тоқала келе, қазіргі жағдайда онлайн форматқа көшкен оқытушылар мен оқушыларға сәттілік тіледі. 

«Биыл бəрімізге оңай емес. Дегенмен мұндай жағдайда оқытудың жаңа механизмдері мен технологияларын табу маңызды. Әрине, интернет желісінің қолжетімділігі мәселесі әлі де болса күн тәртібінде тұр. Алайда оқу және жаттығу сабақтарын сапалы түрде өткізу үшін барлық мүмкіндікті қарастыру қажет»,-деді вице-министр.

Семинарға қатысқан оқытушылар тәжірибелерімен бөлісті. Өңірлерден іс-шараға қосылған мұғалімдер жергілікті жерлерде қашықтан оқытудың артықшылығы мен қиыншылығын айтты. Республикалық мектеп-интернат-колледждің оқытушылары жыл басынан бері біраз тәжірибе жинағанын, оқушылардың қашықтан оқуға бейімделгенін тілге тиек етті.