Ербол Мырзабосынов Ресеймен спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Ербол Мырзабосынов Ресеймен спорт және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Чернышенко және Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтяревпен кездесті. Тараптар спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықтың былтырғы нәтижелерін саралап, алдағы жоспарларды қарастырды.

Ербол Мырзабосынов екі ел арасындағы серіктестікті нығайтудың маңызын атап өтіп, былтырғы ынтымақтастықтың қорытындысына тоқталды. Сондай-ақ спорт және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды дамытуға қатысты жоспарларын ортаға салды.

«Былтыр екі ел Үкіметтері арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда ТМД елдері ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік ағын оң динамикаға ие. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 3,2 миллионнан астам ресейлік турист келсе, дәл сондай отандық турист Ресейге сапарлаған. Бұл – екі ел арасындағы туристік байланыстардың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетеді. Мақсатымыз – осы үрдісті одан әрі тереңдету», – деді министр.

Биыл сәуірде Алматыда өткен 23-ші халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесіне ресейлік туроператорлар қатысып, Алтай өлкесі мен Санкт-Петербургтің туристік әлеуетін таныстырды.

Спорт саласындағы әріптестік те екі ел жастарына жаңа мүмкіндіктер ашып, достық пен өзара түсіністікті нығайтуда. Министр Қазақстан мен Ресей спортшыларының тәжірибе алмасуын маңызды деп санайтынын жеткізді.

«Қазақстан мен Ресей спорт саласында тығыз байланыс орнатып, бірқатар бағыт бойынша бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Әсіресе, Ресейдің спорттағы тәжірибесі мен инфрақұрылымдық әлеуеті біздің спортшылар үшін қажет. Бұл, әсіресе, қысқы спорт түрлерін дамытуға ықпал етеді. Былтыр отандық спортшылар Ресейде өткен бірнеше оқу-жаттығу жиындарына қатысып, шеберліктерін шыңдады», – деді Ербол Мырзабосынов.

Қазіргі таңда тараптар 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын жүзеге асырып келеді. Отандық спортшылар Ресейде өткен 30-дан астам халықаралық жарысқа қатысты. Мәселен, БРИКС ойындары мен VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарында бақ сынап, тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ ресейлік спортшылар былтыр Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өнер көрсетті.

Жиын барысында Ербол Мырзабосынов Ресей Үкіметінің үйлестіру орталығының жұмысымен танысты. Айта кетейік, кездесуге Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев та қатысты.

Кездесу соңында тараптар спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін мәлімдеді. Сондай-ақ халықаралық деңгейде бірлескен бастамаларды дамытуға және ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастыруда өзара қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Еске сала кетейік, Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында жүйелі жұмысын жалғастырып келеді. Биылғы алты айдың ішінде елімізге 23-тен астам халықаралық спорт федерациялары мен ұлттық олимпиада комитеттерінің басшылары келді. Сондай-ақ Қазақстан өзін халықаралық спорттық және туристік іс-шараларды өткізуге арналған сенімді алаң ретінде көрсете білді.