Ұлттық музейде «Балабақша – болашаққа бастар жол» атты фотокөрме ашылды

Ұлттық музейде «Балабақша – болашаққа бастар жол» атты фотокөрме ашылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігіне қарасты Ұлттық музейде мұғалімдер күніне арналған «Балабақша – болашаққа бастар жол» атты фотокөрме ашылды.

Фотокөрме мақсаты – еліміздің мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға атсалысу.

Ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейінің Экскурсия жұмыстары, музей педагогикасы және залдарды сақтау қызметінің басшысы Жанар Беисова мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында педагогтардың алар орны ерекше екенін атап өтті.

«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы ұстаздардың еңбегі зор. Сондықтан бұл фотокөрме мұғалімдер күніне арналып отыр. Бұған Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының жетекші мектепке дейінгі ұйымдары қатысты. Балалар мен мұғалімдердің 200-ге жуық фотосы сіздердің назарларыңызға ұсынылып отыр»-деді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында мектепке дейінгі тәрбиенің маңыздылығына тоқталған еді.

«Біз мектепке дейінгі білім беруді белсенді түрде дамытып, мектеп бағдарламаларымен сабақтастықты қамтамасыз етуіміз керек. Жақын арада 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 100%-ға дейін жеткізіледі», – деп айтқан болатын.
Сондай-ақ ол Үкіметке мектепке дейінгі дамудың толық моделін әзірлеуді тапсырған.

Көрме барысында жобаға атсалысқан балабақша директорлары мен меңгерушілеріне алғыс хат берілді. Сонымен қатар іс-шараның қорытындысы бойынша осы жобаға қатысқан әрбір балабақша мен оның меңгерушісі туралы фотосуреттер мен ақпаратты қамтитын жалпы каталог-журнал шығарылды.

Айта кетейік, аталған фотокөрме бір айға созылады.