
Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен барды.
Министр жұмыс барысында Көкшетау қаласының «Көктем» шағын ауданындағы «Болашақ сарайының» құрылысымен танысып, Ақмола облысының тарихи-өлкетану музейінде, Ақмола облысы Мəдениет басқармасына қарасты Шахмет Құсайынов атындағы музыка жəне драма театрында жəне Мəлік Ғабдуллин музейінде болды.
Ақмола облысының тарихи-өлкетану музейі – өлкенің көне мәдени мекемелерінің бірі. 1920 жылдың наурызда Көкшетау қаласының уездердегі халыққа білім беру бөлімі жанынан құрылған музей биыл 100 жылдығын атап өтті.
2000 жылы Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығына айналғанда музей облыстың тарихи-өлкетану музейі мәртебесіне ие болды. Музейге алғашқы ауқымды қайта жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілді. 2019 жылы музей залдарына жаңа инновациялық технологияларды қолдану арқылы тағы бір реэкспозиция жүргізілді. Қелушілердің ыңғайлығы үшін жәдігерлерді дәстүрлі көрсетумен бірге мониторлар, сенсорлық моноблоктар жұмыс істейді. Сонымен қатар музейде алғаш QR кодтар орнатылды.
Бүгінде музей қорында 83 000-нан астам жәдігер бар. Аталған тарихи-өлкетану музейдің құрамына 7 филиал мен 1 ашық аспан астындағы музей кіреді.
Министрмен кездесу барысында музей директоры Қуаныш Шақшақов ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне ризашылығын жеткізді.
"Министрліктің әлемді жайлаған пандемияға қарамастан онлайн режимде өткізіп отырған "Рухани қазына" республикалық фестивалі үшін музей ұжымы атынан алғыс айтамыз. Бұл біз үшін тек пікір айту ғана емес, тәжірибе алмасу алаңы да болды",- деді ол.
Ал Шахмет Құсайынов атындағы музыка жəне драма театрының басшысы, театрдың негізін қалаушылардың бірі, театр труппасын қалыптастырған режиссер ретінде сахнада талай туындыны көрерменге ұсынған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов министрді театрдың қазіргі тынысымен таныстырды.
Айта кетейік, театр осы кезге дейін жалпы саны 90 спектакльді сахналаған.
Биыл қарашада еліміз Кеңес одағының батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткерi Мәлiк Ғабдуллиннің 105 жылдық мерейтойын атап өтеді. Сонымен қатар музейдің ашылғанына да 25 жыл толып отыр.
Ал 2005 жылы 19 тамызында жаңа ғимаратқа көшкен мұражайдың ашылуына Ақмола облысына iс-сапармен келген Елбасы - Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.
Музейдің мақсаты — Кеңес одағының батыры Мəлік Ғабдуллиннiң тұлғасы арқылы өскелең ұрпаққа отан қорғау жауапкершiлiгiн түсіндіру, батырдың ерлiгін насихаттау, этнопедагогикалық бағыттағы насихат жұмыстарын жандандыру арқылы патриотизмдi қалыптастыру.
Қазір музей Мəлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ұядан ұшып, қияға самғаған», «Ұлттың ұлы, халықтың қаһарманы», «Жүрегінен нұр шашқан – ұстаз, ғалым», «Даңқы өшпейтін дара тұлға» атты 4 залға бөлінген.
Осы орайда министр музей залдарын аралап, өнер ұжымының атаулы күнге дайындығын пысықтады.
Көкшетауға жұмыс сапары барысында министрмен бірге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов жүрді.