Ақтоты Райымқұлова еліміздің Ұстаздар қауымын құттықтады

Ақтоты Райымқұлова еліміздің Ұстаздар қауымын құттықтады

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздің Ұстаздар қауымын құттықтады.

"Құрметті Ұстаздар қауымы!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз – ұлтымыздың тәрбиешісі.

Ұстаз бейнесі шәкірті үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі. Мемлекет үшін білімді жас – ең негізгі құндылық екені де айқын. Ұстаз беделі – қоғам беделі. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады», - деген еді.

Президентіміз Қ.К.Тоқаев та күні кеше «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет», - деп мәртебелі мамандық иесі беделінің жоғары болуы керектігін қадап айтты.

Ұстаз - қоғамның қай саласында болмасын еңбегі ерен, біздің табысты еңбек етіп, биік белестерді бағындыруымызға дəнекер жан. Кез келген азаматтың тұлға болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосатын ұстаз – мамандықтың төресі, қастерлі есім болып қала береді деген ойдамын.

Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, мехнаты мен машақаты мол мамандық иелеріне табыспен қоса сарқылмас күш-қуат тілеймін! Өздеріңізге айтар алғысымыз шексіз!

Ел келешегі жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолындағы еңбектеріңіздің жемісі еселене берсін! Дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға береке, шығармашылық жетістіктер тілеймін!",- деп жазылған құттықтау хатында.