
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды халықаралық музыка күнімен құттықтады.
"Құрметті достар!
Сіздерді бүгінгі Халықаралық музыка күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Музыканы өмірім деп ұққан бекзат өнер иелері бұл мерекені ЮНЕСКО Халықаралық музыка кеңесінің шешімімен 1973 жылдан бері 1 қазанда атап өтеді.
Музыка - жүректі тербеп, жанды баурап қана қоймай, қанатыңды қатайтып, көңіліңді көтеретін, жүректегі сырды жүрекке жеткізетін сиқырлы саз. Əн өнері əр мемлекет мəдениетінің, күллі адамзат өркениетінің ажырамас бөлігі. Жоғарыда айтылған оймақтай ойды ертеректе ғұлама ғалым, əлемдік деңгейдегі ойшыл Əбу Насыр əл-Фараби бабамыз: «Музыка – адамзаттың әмбебап тілі»,-деген бір ауыз сөзбен жеткізген-ді.
Бұл күні жанға азық болар əуезбен ой-қиялымызға қанат бітіріп, көңіл сарайына ізгілік пен мейірім нұрын төккен болмысы бөлек тұлғаларды еске алып, сезім пернелерін дəл басатын туындылары үшін алғыс айтамыз.
Музыканың өркендеуіне үлес қосып келе жатқан барша өнер майталмандарын осынау айтулы күнмен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс тілеймін! Лайым өнер биігінен көріне беріңіздер!", -деп жазылған құттықтау хатында.