
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі осы жылдың қазан айынан бастап мектеп оқушыларының адамгершілік және рухани тұрғыда дамуына бағытталған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын іске қосады.
Бағдарлама ұзақтығы 10-15 минуттан тұратын ыңғайлы қысқаша онлайн-форматта 1-11 сыныптарының оқушылары үшін бейне-дәрістері әзірленді. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды түрде саяхаттай алады, опера, балет, драма өнерінің озық үлгілерін көріп, қазақстандық және шетел кинофильмдері мен мультфильмдерін тамашалап, әсем музыкалық шығармаларды тыңдай алады.
Оқушыларға mmura.kz сайтында музыкалық өнер, театр өнері, киноматография, бейнелеу өнері және Киелі Қазақстан атты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілдерінде барлық білім беру бейне-дәрістеріне еркін қол жеткізуге мүмкіндік беріледі.
Әр бейне-дәрістің соңында оқушылар үш сұраққа жауап бере отырып, өздерін тексере алады. Балалардың ерікті түрде қатысуы осы жобаның қағидатты шарты болып табылады. Оқу жылының соңында тест сұрақтарына дұрыс жауап беріп жоғары ұпай жинаған ең белсенді қатысушыларды сыйлықтар мен жағымды тосынсыйлар күтеді.
«Осындай деңгейдегі жоба жас және жаңа білімге құмар ұрпақ үшін бағдар береді, еліміздің сенімді азаматтарын тәрбиелеуге көмегін тигізеді және жігерге толы жас жүректерді жаулап алады деген сенімдеміз!» - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
«Ұлағатты ұрпақ» - бұл мектеп оқушыларын еліміздің мәдени кеңістігіне белсенді түрде енгізу арқылы мәдени ағартудың жаңа форматы, "Мәңгілік Ел" құндылықтарының бүкіл жүйесі негізге алынған өзіндік ұлттық мәдениетке бастапқы ену негізінде әлемдік мәдениеттің жауһарларымен таныстыру.
Осындай жобаны әзірлеу идеясы қалай туды? Басында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның профессорлық-оқытушылық құрамы, оның ішінде - Юсупова А.А., Есдәулетова К.А., Шабденова Д.Р., Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан - Гизатова Г.Б., Батурина О.В., Омаров Т.И., Наурызбекова Г.К., Еркебай А.С., Мамбеков Е.Б., Қазақ Ұлттық өнер университетінен - Хусайынова Г., Алматы қаласы Оқушылары сарайының оқытушысы - Станевич Н.Н. жалпы білім беру мектептерінің оқу жоспарына сәйкес еліміздегі алғашқы «Оқушының мәдени нормативін» әзірледі. Соңынан, қазіргі эпидемиологиялық ахуалға байланысты «Ұлағатты ұрпақ» онлайн-форматына икемдеп қайта әзірленді.
Жобаны іске асыру жөніндегі барлық ұсыныстар «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына, «Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және өзге де нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкес әзірленді.
Бұл бастамашылық еліміздің шығармашылық интеллигенциясы арасында кеңінен қолдау тапқанын ескере кеткен жөн. Алғашқы бейне-дәрістер Қазақстанның Халық артисі Гаухар Мырзабекованың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Әбділмановтың, Толқын Зәбированың, Қазақстан киносыншылары ассоциациясының президенті Гүлнәр Әбікееваның қатысуымен жасалды.
Сондай-ақ, жобаға: «Астана Опера» МОБТ, «Астана Балет» театры, «Қазақконцерт» МКБ, Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, «Жастар» театры, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры, Қ. Қожамияров атындағы Мемлекеттік республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театры, Б. Аюхановтың жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернаты» РММ, Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «Мемлекеттік ұлттық киноны қолдау орталығы» КАҚ, ҚР Ұлттық музейі, Ықылас атындағы халық музыка аспаптар музейі, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы және еліміздің барлық мемлекеттік музей-қорықтары белсенді түрде қатысты.