Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

Таеквондо: Малайзияның Кучинг қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында отандық спортшылар 3 алтын, 1 күміс, 7 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енді.

Үстел теннисі: Алматыда ұйымдастырылған WTT Youth Contender халықаралық ірі турнирінде Қазақстан құрамасы жеті жүлде жеңіп алды. Ел қоржынына екі күміс және бес қола медаль түсті.

Жазғы Универсиада: Германияда өткен 2025 жылғы жазғы Дүниежүзілік Универсиада жарысында отандық спортшылар 1 алтын, 10 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 37-орынға ие болды.

Теннис: Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Аустрияның Кицбюэль қаласындағы ATP 250 турнирінде топ жарды. Жерлесіміз финалда әлемнің 100 - ракеткасы, франциялық Артур Казомен чемпиондық атақты сарапқа салып, 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл – Александр Бубликтің ATP додаларындағы жалпы жетінші, биылғы үшінші титулы.

Аралас жекпе-жек: Отандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев (21-3-0) Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен UFC турнирінде сегізбұрышқа көтеріліп, қарсыласынан төрешілер шешімімен басым түсті.