
Түркістандағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде 2025 жылғы түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл 566 студент жоғары білім дипломын алды. Мерекелік іс-шара IUTH GRADUATION GALA-2025 форматында ұйымдастырылды.
Халықаралық туризм және меймандостық университеті – туризм саласында халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандар даярлайтын еліміздегі алғашқы бейінді жоғары оқу орны. Биыл диплом алған 566 түлектің 85-і қазірдің өзінде жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар 78 түлек оқуын үздік аяқтады.
Айта кетейік, былтыр университеттің алғашқы 460 түлегі диплом алған еді. Бүгінде олардың 93%-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – білім беру бағдарламасының сапасы мен еңбек нарығындағы сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.