Құрметті Әлихан Асханұлы!
Құрметті әріптестер!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ағымдағы жылы Парламентте сөйлеген сөзінде «Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді» деп атап өткен болатын.
Мемлекеттің дене шынықтыру мен спорт саласында қоғам алдында екі негізгі міндеті бар. Ол ел тұрғындарының дене шынықтырумен айналысуына жағдай жасау және жоғарғы жетістіктер спортын дамыту.
Бұқаралық спорттың негізгі төрт ерекшелігі бар. Біріншісі, дене шынықтырудың барлық жас санатындағы азаматтар үшін қолжетімді болуы. Екіншісі, барлық жас санаты үшін үздіксіздігі және өзара сабақтастығы. Үшіншісі - спорттық жетістіктің болмауы, яғни, «Бастысы – жеңіс емес, қатысу» принципі. Төртінші ерекшелігі - арнайы дайындықтың қажет етілмеуі.
Қәзіргі таңда Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бұқаралық спортты дамыту бойынша бірталай жұмыстар атқаруда.
Республикада жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде ауылдық жерлерде 500 мың адамды қамтитын, әртүрлі деңгейдегі 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Әсіресе, соңғы жылдары жүгіру, марафондар, велошерулер мен веломарафондар, спорттық фестивальдар, отбасылық жарыстар, жаппай сырғанаулар танымал бола бастады.
Осы орайда, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтардың ауқымын кеңейтудің маңызды бір құралы Президенттік тестілерді (бұдан әрі – Тестілер) тапсыру болып табылады.
Мысал ретінде 2020 жылдан бастап, ел бойынша Тестілерді тапсыруға 7,6 миллион адам (2020 жылы – 1,2 млн адам, 2021 жылы – 2,6 млн адам, 2022 жылы – 3,8 млн адам) қатысты.
Нәтижесінде, бүгінгі күні елімізде дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың саны халық санының 38,5 % (7,5 млн-нан астам адамды) құрайды.
Сонымен қатар, балалардың бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануына жіті назар аударылады.
Осы мақсатта, республикада жалпы саны 800-ден астам балалар мен жасөспірімдер клубтары қызмет етеді (661 балалар мен жасөспірімдер клубтары, 144 балалар мен жасөспірімдердің дене даярлығы клубтары).
Оқу-ағарту министрлігінің желісі бойынша
2022-2023 оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мектептерде 49 мыңнан астам спорт секциялары жұмыс істеп, оған 1,3 млн-ға жуық бала қатысты.
Біздің министрлік спорт және шығармашылық үйірмелерін жан басына қаржыландыру жобасына жауапты. Биылғы жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша 190 мыңнан астам бала спорттық үйірмелермен қамтылды ( жалпы бөлінген сома -86,7 млрд тг, оның ішінде спорт – 43,2 млрд).
Алайда, қазіргі таңда бұл бағдарламаны қалалық жерде іске асыру қолайлы болғандықтан, ауылдық жерге жетерліктей көңіл бөлінбеуде.
Бұл мәселені шешу үшін, Министрлік тарапынан жаңа тараумен толықтыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұл жағдай қаржыландыруды «қалалық» және «ауылдық» аймақтар деп бөлу (саралау) шарттарын енгізуді қамтамасыз етеді.
Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, саланың проблемалары да жеткілікті.
Салаға жүргізілген талдау көрсеткендей, елде дене шынықтыруды дамытудың негізгі проблемасы – қажетті спорт инфрақұрылымының жетіспеуі болып табылады.
Жергілікті жерлерде әкімдіктер қолданыстағы спорт ғимараттарын, алаңдарын қайта қалпына келтіру және жаңарту, сонымен қатар халық тығыз орналасқан орындарда қымбат емес спорт нысандарын салу жөнінде біршама шаралар қабылдауда. Алайда бұл шаралар бүгінгі таңда жеткіліксіз болып отыр.
Жалпы республика бойынша 43 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, оның 23 мыңнан астамы – ауылдық жерде орналасқан.
Биыл Үкімет қаулысымен бекітілген Жоспар-кестеге сәйкес 113 жаңа спорттық нысан салу, 20 спорттық нысанды реконструкциялау, жұмыс істеп тұрған спорт объектілерін жете жарақтандыру жөніндегі 6 жоба бойынша жұмыс жалғастырылатынын атап өткім келеді.
Сондай-ақ, Министрлік қажеттілікті анықтау үшін бүгінгі күні облыстардағы спорт объектілеріне түгендеу (инвентаризация) жүргізуде.
Спорт нысандарының жыл сайын салынып жатқанына қарамастан, бүгінгі таңда инфрақұрылымға қажеттілік 50%-ды құрайды.
Дене шынықтырумен шұғылданушылар жас және кәсіптік ерекшелігіне қарай бес санатқа бөлінеді. Олар мектеп жасына дейінгілер, мектеп оқушылары, студенттік жастар, еңбеккерлер және зейнеткерлер.
Аталған бес санаттағы азаматтар арасында дене шынықтыруды дамыту мақсатты және жүйелі түрде ұйымдастырылуы тиіс.
Осы мақсатта оқушылар және студенттер арасында орта мектептің бағдарламасына кіретін спорт түрлерінен жыл сайын мектеп және студенттер лигалары ұйымдастырылып келеді.
Бірақ, мектеп және студенттік лига үшін арнайы бюджеттік бағдарламаның болмауына байланысты бұл лигалар тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр.
Ал, еңбеккерлер мен зейнеткерлер арасында кешенді спорттық іс-шаралар өткізілмейді.
Аталған лигалардың ауқымын кеңейтіп, әлеуетін күшейтіп, жаңа деңгейге көтеру үшін ағымдағы жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ кәсіподақтармен лигаларды бірлесе ұйымдастыратын болады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы еліміздегі бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін атап өткім келеді. Тұжырымдамада көрсетілген көрсеткіштерге, қойылған нәтижелерге қол жеткізу мемлекеттік әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі - дене шынықтыру мен спорттың дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін болады.
Баяндама аяқталды!
Назарларыңызға рақмет!