Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті азаматтардың назарына Мальдив аралдарында Мале және Хулхумале аймағында чикунгунья вирустық ауруының өршуі тіркелгенін жеткізеді.
Чикунгунья - адамға масалардың шағуы арқылы берілетін аттас вирус тудыратын ауру.
Чикунгунья белгілері масаның шағуынан 3-7 күн өткен соң пайда болады. Ең жиі кездесетін белгілер - қызба және буын ауруы. Басқа белгілерге бас ауруы, бұлшықет ауруы, буындардың ісінуі немесе бөртпе кіруі мүмкін.
Аурудың даму қаупіне жаңа туған нәрестелер, босану кезінде жұқтырған әйелдер, егде жастағы адамдар (65 жастан асқан) және жоғары қан қысымы, қант диабеті немесе жүрек ауруы сияқты аурулары бар адамдар жатады. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ.
Бұл аурудың өршуі әртүрлі елдерде, соның ішінде Африка, Америка, Азия, Еуропа, Кариб бассейні, Үнді және Тынық мұхиттарында тіркелген.
Осыған байланысты, демалыста сақтық шараларын сақтауды, шығу тегі белгісіз су көздерінен су ішпеуді, теріні және жараларды жабатын киім киюді, жәндіктерден арнайы қорғаныс құралдарын қолдануды ұсынамыз.
Мальдив аралдарына баратын Қазақстан Республикасының азаматтарынан таралу орындарынан аулақ болуды және осы вирусты жұқтыру фактілері тіркелген жерлерге барудан бас тартуды сұраймыз.